Талибан: «Ауған жерінде соғыс аяқталды»

0

Тәліптер Ауғанстандағы соғыстың аяқталғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды ЭК.

Бұл туралы «Талибан» қозғалысы саяси кеңсесінің ресми өкілі Мұхаммед Наим Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Ол телеарнаға берген сұхбатында жаңа Ауғанстан үкіметінің басқару формасы жақын арада белгілі болатынын да айтты.

«Құдайға шүкір, елдегі соғыс аяқталды. Біз діттеген нәрсемізге қол жеткіздік. Ол еліміздің бостандығы мен халқымыздың тәуелсіздігі. Біз ешкімге өз жерімізді пайдаланып, себепсіз шабуыл жасауға жол бермейміз және басқаларға зиян келтіргіміз келмейді», — деді ол.

Кешеден бері Ауғанстан астанасы Кабулды тәліптер басып алғаннан кейін тұрғындар арасында дүрбелең мен қорқыныш пайда болды. Батыс елдері өз азаматтарын эвакуациялауға асықты. Жүздеген ауғандықтар елден кетпек болып Кабул әуежайына асықты.

Бұған дейін Ауғанстан президенті Ашраф Ғанидың отставкаға кеткені белгілі болған еді. Мемлекеттің бұрынғы басшысы Президент әкімшілігі жетекшісі және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісімен бірге Тәжікстанға барды деген болжам айтылған. Алайда Ресми Душанбе бұл ақпаратты жоқққа шығарды. Басқа ақпарат көздерінде Өзбекстан немесе Оман мемлекеттерінің біріне кетті деп айтылуда.

«Талибан» қозғалысы — Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынған лаңкестік ұйым.