Талғат Ахметов: Тиесілі зейнетақымнан қағылдым
Газеттің 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 245 санында тағы да Нәзира Жәрімбеттің «Атамекенге келіп амалы құрып отыр» деген мақаласын оқып шығып, айтылған мәселеге қатысты ой қосу ниетімен қолыма қалам алдым. Өйткені атамекенді аңсап көшіп келген барлық қазақ отбасылары осындай киыншылықтарды басынан кешіреді. Сол қиыншылықтардың басым бөлігі заңнамаларымыздың шалалығынан немесе оралмандар барған өңірлердегі шенеуніктердің немқұрайлылығынан келіп шығады. Бұл жағдайға мұнайдың бағасының төмендеуі немесе дүниежүзілік экономикалық дағдарыстардың салдары әсер етіп жатыр деп ойламаймын.
Қазақстан дүниенің алпауыт елдері Германия, Израильден кейін үшінші ел болып, қандас бауырларын атамекенге, мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрақты қоныс аударуға шақырды. Сол жылдардан бері елімізге бір миллионнан аса этностық қазақ көшіп келді деген статистикалық мәлімет бар.
Қазақта «көрпеңе қарай көсіл» деген сөз бар. Қазір интернет дамыған заман болғандықтан, Германия, Израиль және төртінші ел болып қосылған Ресей Федерациясының «репатриант», «соотечественник» деген бағдарламалар бойынша мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік жәрдемдерін оқысаңыз, бізге ертегі сияқты көрінеді.
Баршамызға белгілі, Қазақстан Үкіметінің арнайы тапсырысымен 1993 жылдан бері қолданыста болған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның оралмандаға арналған квотасы уақытша тоқтатылған болып, бұл шектеулер 2013 жылдың соңында Елбасының «қолымен» осы заңнамаға қайта өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қайта күшіне кіргенінен кейін, сол заңдарда оралмандарға көрсетілетін жеңілдіктер және әлеуметтік жәрдемдерімен танысып, қуанышымыз қойнымызға сыймай, 2014 жылдың 4 маусымында отбасымызбен бірге Қостанай облысы Рудный қаласына тұрақты тұру үшін қоныс аудардық. Бұл – оралмандар үшін Үкімет белгілеген 7 облыстың бірі.
Атажұртқа келіп ешкімге қол жаймастан өз қаражатымызға пәтер сатып алған соң күнделікті өмір ағымының күйбең тіршілігі басталып кетті. Оралман мәртебесін алу үшін, алдымен шетел азаматының ықтияр хаты болу керек екен. Оған дейінгі шығыс қаражаттары, медициналық тексеруден өту және сол сияқты тағы басқа да қызметтердің барлығы ақылы болып, біраз қаржылай шығын талап етті. Қостанай облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімі мамандарының айтуынша, халықтың көші-қоны заңнамасына сай елге келген ағайынға оралман мәртебесін алмайынша Үкімет тарапынан жәрдемақы төленбейтіндігі айтылған.
Үш ай өтіп, ықтияр хаты қолымызға тиіп, оралман мәртебесін алғасын сол мекемеге көші-қон заңына сай бізге тиісті болған жәрдемақыны, жол жүру және үй мүліктерінің 5 тонналық багаж контейнерге төленген шығындарын төлеп берулерін талап еттік. Бірақ өкілетті органның жауабы «Үкімет тарапынан әлі қаржыландырылмаған, күтіңіздер» болды. Сөйтіп жүргенде тағы үш ай өтті, осы мезгілде балалардың жұмысқа кіруі үшін ықтияр хаты жеткіліксіз болып, Қазақстан азаматтығы талап етіле басталды. Азаматтықты қабылдағаннан соң, Қостанай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының көші-қон бөлімі мамандары «ал енді сіздер Қазақстан Республикасының азаматтары болдыңыздар, сіздердің оралман мәртебеңіз тоқтатылды, сондықтан енді мемлекет тарапынан ешқандай жәрдемді күтпеңіздер» деді.
Сонымен сол кезде оралман болып келген біз сияқты барлық отбасы Қазақстан Үкіметінен бір теңге де алмады. Мұндай қитұрқылықтардың бәрі сол мезетте қынжылтқанымен, уақыт өте келе ойымызға онша кіріп-шықпайды. Квота алған оралман байып кеткен жоқ, ал Үкімет жарлы болып қалған жоқ!
Ал өзімді осы күнге дейін толғандырып жүрген жеке басымнан өткен жағдайыммен бөлісейін. Бұл жөнінде Қостанайдағы тілшілеріңіз жазғанын хаттың басында айтып өттім. Сонда да қайталап жазғанымның артықтығы болмас деп отырмын. Өйткені мәселе шешімін таппай, өзекті күйінде қалды. 1985 жылы бұрынғы Кеңес Одағы Ішкі істер министрлігіне қарасты Вологда арнайы орта мектебін бітірген соң Өзбекстанның Бұқара, Науаи облыстарының ішкі істер саласында қызмет еттім. Соңғы лауазымым – жедел кезекші, милиция майоры шенімен 25 жыл еңбек сіңірген жылдарым үшін, 2000 жылы 15 наурызда Өзбекстан Республикасының заңнамаларына сай өз еркіммен зейнеткерлікке шықтым. Сол мерзімнен бастап Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрлігінен зейнетақы алып келдім.
Жоғарыда айтып өткенімдей, ықтияр хатын алған соң Қостанай облысы ішкі істер департаментіне қолымдағы зейнеткерлік ісімді алып барып, өзіме тиісті болған зейнетақы төлемін жалғастыруды сұрадым. Сөйтсем бұл жерде де Қазақстанның ішкі істер министрлігінің бізге (оралмандарға) дайындап қойған «сынақтары» тосып тұр екен. Қостанай ІІД-нің қаржы және зейнеткерлік бөліміне жүгіндім. Сол жердегі қызметкер әйел зейнеткерлік ісімді бір көріп шығып: «вам пенсия в Казахстане не положено» деді. Сол кезде біреу басыма мұздай су құйып жібергендей болды. Ау, бұл қалай болғаны сонда, Өзбекстанда менімен бір басқармада қызмет істеген, менен жастары да, қызмет еткен жылдары да, шендері де кіші бір-екі жігіт осында зейнетақыларын қалай алып жүргенін сұрағанымда, ол 2011 жылдан бастап зейнетақы төлемі бойынша бұрынғы Қазақстанның ІІМ министрі болған Серік Баймағанбетов (қазіргі күнде пара алу қылмысымен сотты болған) тұсында зейнетақы бойынша өзгерістер енгізіліп, шектеулер қойылғанын айтты. Содан соң бұзылған құқығымды қорғау үшін сотқа жүгіндім.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру тәртібі және мемлекеттік сақтандыру бойынша келісім (Ашхабад 24.12.1993ж.) он екі ТМД елінің президенттерінің қол қоюымен қабылданған. Осы халықаралық келісімшартқа сүйене отырып, (республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарына басымдылығы болады, Қазақстан Республикасының Конституциясы 4 бап 3 бөлігі) Қостанай облысы Рудный қалалық соты менің тапталған құқымды қорғап, ҚР ішкі істер министрлігін, менің ықтияр хат алған күнімнен, яғни 22.05.2014 жылдан бастап зейнетақы төлеп беруі бойынша шешім қабылдады.
Жауапкер тарап ҚР ІІМ бұл шешіммен келіспей, Қостанай облыстық сотына апелляциялық және кассациялық шағымдар түсірген болатын. Бірақ бұл сатыдағы соттар да Рудный қалалық сотының заңды шешімін өз күшінде қалдырды. Сонымен тоқтап қалған зейнетақыма толығымен қол жеткізіп, әділеттік және заңдылық Қазақстанның сот жүйесінде бар екеніне көзім жетіп, иығымнан жүк түскендей болып, мен де Қазақстан Республикасының ішкі істер зейнеткерінің куәлігіне қол жеткіздім.
Өкінішке қарай, сол қуанышым тек бір жыл алты айға ғана созылды. 2016 жылы 20 мамырда бір қыз бала ұялы телефоныма қоңырау шалып 25 мамырда Жоғарғы сотта менің азаматтық ісім қаралатынын, соған қатысуым керек екенін айтып, егер келмеген жағдайда менсіз де қаралатынын ескертті. Содан аң-таң болып, 3-4 күн ішінде құқықтық дайындықсыз Астанаға барып, сотқа қатыстым. Ол жерде сот алқасы менің уәждерімді тыңдап отырмастан, Ішкі істер министрлігін қолдап, қолданыстағы заңдарды өрескел бұзып, заңсыз шешім қабылдады, оған дәлел ретінде айтарым мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 436-бабы, 1-бөліміне сай, заңды күшіне енген сот актілеріне дау айту, наразылық келтіру мерзімдері апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары, қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде оларға өтініш хат, наразылық берілуі мүмкін делінген.
Ал менің жағдайымда сот актісі 04.02.2016 жылы күшіне енген еді, арада бір жыл алты ай өткеннен соң заңсыз қайта қаралды.
2) Жоғарғы соттың мұндай шешім қабылдауына себеп болған негізі төмендегі уәж болған еді, ТМД елдерінің Экономикалық соты 25.11.2015 жылғы шешімімен жоғарыда айтылған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру тәртібі және мемлекеттік сақтандыру бойынша келісімнің дұрыс қолдануына түсіндіру (толкование) беріп, онда егер зейнеттегі бұрынғы ішкі істер қызметкерлері тұрақты тұрғылықты жерін өзгертіп, өзге мемлекетке жаңа тұрақты тұрғылық жасау үшін барғанда, ол елдің заңнамаларына сай, оған өзге елде тағайындалған зейнетақы негіздері (шекті жасына толмаған немесе еңбек сіңірген жылы жеткіліксіз) болған жағдайларда, оның зейнетақы төлемі, сол бұрынғы тұрақты тұрғылықты жасап келген мемлекет тарапынан жүзеге асырылады делінген.
Бірақ бұл атап өтілген негіздер Рудный қалалық сотында және Қостанай облыстық сотының апелляциялық, кассациялық сатыларында зерттелмеген еді, өйткені бұл түсіндірме (толкование) осы іс бойынша сот актілері заңды күшіне кіргеннен соң, арада бір жыл мерзім өтіп қабылданған болатын.
Сондықтан осыған орай ҚР Жоғарғы сотының 2003 жылдың 20 наурызындағы №2 Нормативтік қаулысының 30 бөлігі (№ 3, 20.05.2016 ж. өзгертулермен толықтырылған), онда былай деп көрсетілген: бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттарда, тарап ұсынған дәлелдемелер зерттелмеген болса негізінде заңды күшіне енген сот актісін, қадағалау сатысындағы сот, оны өзгертуге немесе оның күшін жоюға құқығы жоқ, егер тиісті негіздер болған жағдайларда мұндай сот актісі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін деп бекітілген.
Соған қарамастан қадағалау сатысындағы сот, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының аталған нормативтік қаулысының талаптарын өрескел бұзып, заңды күшіне енген сот актілерінің күшін заңсыз жойып отыр.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің зейнетақы төлеп беруден бас тартуы бойынша мен Өзбекстан Республикасы ішкі істер министрлігіне бір топ ішкі істер зейнеткерлері (оралмандар) атынан хатпен жүгініп, 02.05.2016 ж. №3/3 А-8 сол хатқа мынадай мазмұнда жауап алдым: Өзбекстан Республикасының қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілеріне сай, Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрлігі саласы бойынша зейнетақы төлемі, осы елдің аумағында тұрақты тіркеуде немесе шетел азаматының ықтияр хаты болған жағдайларда іске асырылуы мүмкін екенін хабарлаймыз делінген.
Сонда қалай болғаны, өз қызметіміз үшін заңды тағайындалған зейнетақыларымызды алуымыз үшін көшті артқа қайтаруымыз керек пе? Елбасымыздың қазақтандыру саясаты, мемлекеттік бағдарламалары неге ескерілмейді?! Осы атамекенге оралған бір миллионға жуық қазақтың ішінде саны жүзге жетпейтін бұрынғы ішкі істер органдары қызметкелері бар шығар, оларға зейнетақыларын төлеп берсе елдің бюджеті құрдымға ұшырамай қоймас.
Жасыратыны жоқ, жақында көрші Ресейдің Челябі облысының ішкі істер бас басқармасының зейнеткерлік бөліміне барғанымда, олар жылы шырай білдіріп, қарсы алып, зейнетақы еш кедергісіз төленетінін айтып, қанша рубль қолға алатыныма дейін есептеп берді, ол үшін тек сол елде тұрақты тұру үшін ықтияр хат болу керектігін түсіндірді.
Зейнетақының соңында Қазақстанның Ішкі істер министрлігімен арпалысып жүргенімде жасым да міне алпысқа таяп қалды. Енді 3 жылдан кейін жасымның толуына байланысты жалпы заңнамаларға сай зейнеткерлікке шығатын болсам, әрине тиын-тебен алатыным анық. Сол үшін көрші Ресейге барып, ықтияр хатын алып, азаматтығына өтіп, зейнетақымды алып тұруыма да болады. Бірақ аталарымыз айтқандай, «ит тойған жеріне, ер туған жеріне» дегеннің кері келеді ғой деп, намысым да жібермейді. Балаларымыз, немерелеріміз қазақ тілінде білім алсын, қазақ болсын деп келдік елге. Әйтпесе, өзбек ағайындардың арасында абырой-беделден де құралақан емес едік. Енді мен не істеуім керек?!
Талғат АХМЕТОВ,
Рудный қаласының тұрғыны
Қостанай облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/