Талғар қаласындағы жаңа мектептің аралас болатыны халықтың ашуына тиді

0

Талғар қаласындағы №25 мектеп қазақ-орыс тілдерінде білім беретін болды. Бұл туралы Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Талғар аудандық филиалының меңгерушісі Кәмнұр Тәлімұлынан білдік деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.

Айтуынша, бұған дейін білім басқармасы мекеме қазақ мектебі болады деп уәде берген.

     «Мекеме қазақ тілінде білім беруі үшін біз 10 ай бойы қолдан келгеннің барлығын жасадық. Ата-аналарды жұмылдырып, хабарландыру дайындадық. Ал ата-аналар өздері келіп, өтініш берген соң, біз барлығын кезекшінің алдына барып өткіздік. Бастапқыда мектеп екі тілде білім беретінін мәлімдеген.Тек халық оны қазақ тілінде ашылатын мектеп болғанын қалады. Сонымен, біз еңбек демалысына шықтық.   Жиналған өтініштің барлығын 27-мамырда кезекшіге апарып өткіздім. Себебі бізде маусым айында өзіміздің мемлекеттік тілді меңгерту курстарының аяқталатын уақыты еді. Сондықтан әрі қарай өз шаруаммен айналысып кеттім. Бірінші тамызда жұмысқа қосылған соң, мектеп қазақ тілінде ашылатын болды деген ақпарат желдей есіп жүрді. Маған қаншама ата-ана тағы да хабарласты. Мен оларда 25-мектепке немесе білім басқармасына баруын сұрадым. Қазір сол кезде хабарласқан кісілердің аты-жөні мен мекенжайын жазып алғанымда дұрыс болушы еді. 2-тамызда тағы да бір жаңалықтан басшымыз хабардар етті. Мектеп бала санының аздығына байланысты ашылмайтын болыпты. Бірақ жазда 1500-ге жуық бала жинақталған. Біз таңғалдық. Филиал басшысы мен белсенділердің еңбегінің нәтижесінде мектеп қазақ тілінде ашылатынын білім басқармасының жаңа басшысы Салтанат Дауысқызы мәлімдеді. Кейін оқу жылы басталар уақытта қос тілде ашылатын болды деді. Төбемізден жай түскендей күйде қалдық.

Бұл мектептің екі тілде ашылуы — аудан халқының наразылығын тудырып отыр. Қаншама бала мектепте оқуға өтініш берген. Енді 1200 баланың, жартысы қазақ, жартысы орыс тілінде оқыса, қалғаны бұрынғы мектептерінде оқиды. Талғар қаласындағы он мектептің алтауы орыс тілінде білім береді, бар-жоғы 4 қазақ мектебі бар. Шынымен, халық үшін бұл қиын жағдай-дейді Кәмнұр Тәлімұлы.

Бұл жағдай туралы әкімдік пен оқу бөлімі ресми түрде еш жауап бермей жатыр.