Талғар қаласында спорт мектебі ашылды

0
27 Желтоқсан 2018, 15:58 231 0

Астана, BAQ.KZ. Талғар қаласында спорттың жекпе-жек және күштік түрлеріне арналған 180 орындық дене шынықтыру-сауықтыру әмбебап кешені мен Талғар аудандық «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Осы айтулы қуанышпен тұрғындарды облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Амандық Ғаббасұлы өз сөзінде Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында 100 спорт кешенін ашуды, сол сияқты бұқаралық спортты дамытуды тапсырғанына тоқталып өтті.

«Осыған орай Жетісу жерінде жаңа спорттық кешен ашып отырмыз. Келер жылды Елбасы «Жастар жылы» жылы деп жариялады. Олай болса жастарымыз шыңдалып, салауатты ұрпағымыз көп болуына, жаңа чемпиондар тəрбиелеп шығаруға осы кешеннің қосар үлесі зор болады деп ойлаймын», — деді А. Баталов.

Мұнан кейін Мəскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов сөз алып, жастарға ақ батасын арнады. Салтанатты шарадан кейін «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дəурен Үшкемпіровке жаңа кешеннің кілті табысталды.

Нысанның лентасы қиылып, қонақтар кешеннің ішін аралап көрді. Мұнда тренажерлық, ойын, күрес, бокс және жаттығу залдары бар. Кешен аумағында волейбол, баскетбол, футбол спорттық алаңдары мен 400 орындық көрермен трибунасы орналасқан.

ДСО ғимаратында «Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Мектепте балаларға спорттың 15 түрінен, атап айтқанда, бокс, баскетбол, волейбол, грек-рим және еркін күрестер, қазақша күрес, жеңіл атлетика, футбол, гандбол, таэквондо, каратэ-до, самбо, жекпе-жек, садақ ату, тай-бокстан жаттығуға жағдай жасалған. Қазіргі кезде мұнда 915 оқушы спортпен айналысып жүр.

Келушілер ДСО-ның ішкі жабдықталуы мен материалдық-техникалық базасының нығайтылуына куә болды, спорт залдарын аралап, жас спортшылармен әңгімелесті.

Атап өтсек, әмбебап ДСО құрылысына 759,6 млн. теңге бөлінген.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ