Талғар ауданында Калинин ескерткішін құлатты
15 маусымда Алматы облысы Талғар ауданы Тұзбыбастау елді мекенінде советтік-коммунистік доктрина тұлғаларының бірі Михаил Калининге орнатылған ескерткіштің бірі құлатылды.
Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының өкілдері әуелі ауылға кіре беріс жердегі Алматы — Талғар күре жолының бойына орнатылған Калинин ескерткішін құлатқан. Кейінірек ауылдың мәдениет үйінің маңындағы ескерткішті құлатуға барған. Екі ескерткіш те тастан жасалған. Шараға 30-ға жуық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындары жиналған.
Ақпарат бойынша, бұл ескерткіштер 2003 жылдан бері мемлекет қарауындағы ескерткіштер тізімінен алынған. Бірақ жылдар бойы орнынан алынбай келген.
Қарай отырыңыз: Тұғырынан түспеген большевиктер ескерткіші (31 мамыр 2019 жыл).