Талғар ауданына жаңа әкім тағайындалды

0

Алматы облысының Талғар ауданына жаңа әкім тағайындалды. Бұл ақпаратты облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы облысы әкімінің өкімімен Серікжан Казиұлы Ерекешев Талғар ауданының әкімі болып тағайындалды», – делінген хабарламада.

Серікжан Казиұлы Ерекешев 1973 жылы туған. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін көлік, көлік техникасы және технологиялары бакалавры мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Алматы қаласы «Бағалы қағазды тіркеу жүйесі» жабық акционерлік қоғамында жетекші маман болып бастаған.

Әр жылдарда Маңғыстау облысында «Бейнеу жолдары» ЖШС құрылыс учаскесінің механигі, бас механигі, серіктестіктің атқарушы директоры, «Бейнеу жолдары» ЖШС Алматы филиалының атқарушы директоры, Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің әкімі болды. 2016 жылдың қазан айынан Іле ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болған.

Естеріңізге салайық, Талғар ауданының бұрынғы әкімі Жолан Омаров 27 шілде күні пневмониядан қайтыс болған

nege.kz