Талдықорғандық шенді тойға рұқсат бергені үшін пара алған

0
946

Алматы облысында Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары жұмыстан қуылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облыстық департаменті ресми мәлімет таратты.

Қазір аталмыш департаменттің тергеу басқармасы Талдықорған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысына және бас маманына қатысты істі тергеп жатыр. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша пара алды деген күдікке ілінген.

Айта кетейік, аталған бөлімнің бастығы қарамағындағы бас маманмен сыбайласып, коронавирусқа қатысты шектеу шаралары кезінде бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан мейрамхана иелерінен және көшедегі сауда-саттық нүктелерінен 20 мыңнан бастап 270 мың теңгеге дейін пара алып отырған.

Олардан бөлек тағы 5 мейрамхананың әкімшісі де пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.

Осы қылмыстық істің негізінде Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшылығы қала әкімінің қатысуымен кеңес өткізді.

Оның нәтижесі бойынша тиісті бақылау жасамағаны үшін Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова жұмыстан шығарылды.

«Аталған жемқорлық қылмысын тергеу жалғасып жатыр. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды» деп мәлім етті департамент.