Талдықорғанда журналистер үйіне Бейсен Құранбектің есімі берілді

0
Бүгін Талдықорғанда белгілі журналист, халқының аяулы перзенті Бейсен Құранбектің есімі журналистер үйіне берілді.
2014 жылы пайдалануға берілген ғимараттың маңдайшасына «Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйі» деп жазылды.
Шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, телевизия ардагері Қайнар Олжай арнайы келіп қатысты.
Олар тарихи күнде Бейсен Құранбектің қазақ телевизиясына қосқан үлкен үлесін тілге тиек етіп, жылы естеліктер айтты.
Журналист жүргізген бағдарламалары арқылы қиындыққа тап болған қанша адамға демеу бола білді. Жүздеген адамның түйткілін шешуге жәрдемдесті.
Кең пейілді жүрегімен, әр хабарына бар ынта-жігерімен, шынайы сүйіспеншілігімен қарағанының нәтижесінде халқының сүйікті журналисіне, ал «Айтуға оңай» бағдарламасы көрерменнің сүйіп көретін бағдарламасына айналды.
Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған.
Ал қалған ғұмырын қазақ телевидениесімен байланыстырып, «Рахат», «31 арна», «Хабар» арналарында, Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған.
2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды.
2013-17 жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды.2017 жылдың қыркүйек айынан бері ұлттық арнадағы «Қарекет» бағдарламасын жүргізді.
2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.
Қазақстан президенті сыйлығын 2006 жылы алған және «Қазақстан мәдениет қайраткері» атағымен марапатталған.
Бейсен Құранбек 2020 жылы 18 мамырда таңертең Талдықорған қаласында ауыр науқастан қайтыс болды.
Бейсен Құранбектің жарқын бейнесі әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.