Талдықорғанда жатақхана коменданты студенттердің атына 24 млн теңге несие рәсімдеген
Талдықорғанда жатақхана коменданты алаяқтық жолмен студенттер мен әріптестерінің атына 24 млн теңге несие рәсімдеген. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жетісу облысы Талдықорған қалалық сотында сотталушы С.-ға қатысты бірнеше рет алаяқтық жасау фактісі бойынша (ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы) қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы С. жоғарғы оқу орнына қарасты жатақхананың коменданты қызметін атқара жүріп, 2021-2022 жылдар аралығында студенттер мен жатақхана қызметкерлерінің сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен интернет-банкинг қызметі арқылы тауар және ақшалай несие ресімдеген.
Бас-аяғы 16 жәбірленушіге жалпы көлемі 24 миллион теңге материалдық шығын келген.
Сотталушы С. 2021 жылдың қазан айында жәбірленуші Д. өзіне сенім артатынын біле отырып, құжаттарын жұмыс бойынша қажет деген желеумен сұратқан. Жәбірленушінің жеке басын куәләндыратын құжаттарды алған соң, С. микроқаржылық ұйымнан 600 мың теңгеге жуық тауарлы кредитті жасырын рәсімдеп, тауарды сатып, өз пайдасына жаратқан.
Бұдан соң С. жәбірленушіні толық жауып тастаймын деп алдап, микроқаржылық ұйымнан 560 мың теңге несие алдыртқан. Қолындағы Д-ның жеке мәліметтерін пайдаланған сотталушы, әртүрлі микроқаржылық ұйымдардан жасырын түрде қосымша байланыс ретінде өзінің ұялы нөмірін көрсете отырып, Д-ның атынан микронесиелер алып, жалпы 2 млн теңгеден астам шығын келтірген.
Бұдан бөлек, сотталушы С. осыған ұқсас жағдайларда және әртүрлі желеумен 15 студент пен жатақхана қызметкерлеріне алаяқтық жасап, 22 млн теңгеден астам шығынға ұшыратқан.
Сотта прокурор сотталушы С-ны кінәлі деп танып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, бүкіл мерзімге пробациялық бақылау орнатуды сұрады.
Сотталушы С. тағылған айыпты мойындап, шын ниетпен өкініп, өзіне бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Жәбірленушілер сотталушыны кешірді.
Сот үкімімен С. кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, сол аралықта ол пробациялық бақылауда болады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.