Талдықорғанда вакцина салдырмаған медбикелерді «жұмыстан қуамыз» деп қорқытқан

0
2936

Спутник V вакцинасын салдырған соң №2 емхананың медбикесі құлап қалды. Осыдан кейін кейбір медицина қызметкерлері оны салдырудан бас тартқан, деп хабарлайды Exclusive.kz.

«Шынымызды айтсақ, барлық медицина қызметкері шошып отыр, ешкім салдырғысы келмейді, бірақ көптеген медбикеге «Жұмыстан шығарамыз» деді. Сол себепті кейбіреуі тіпті жұмыстан шығуға дайын», — деді дереккөзі.

Медицина қызметкерлері вакцинадан жай бас тартып отырған жоқ. Оларға оны салдырған медбикенің жағдайы әсер етіп отыр. Жәбірленушіні алдымен көп бейінді ауруханаға, кейін облыстық ауруханаға ауыстырған.

Алматы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы талып құлаған медбикені үйіне жібергенін, оның бар болғаны «қатты қобалжығанын» айтты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы оған қандай вакцина салынғаны туралы сұрағанда «Бізде бір ғана «Спутник V» вакцинасы бар» деп жауап берді.

Денсаулық сақтау министрлігі тілшіге вакцинадан бас тартқандарды жұмыстан шығаруға ешкімнің құқы жоқ екенін айтты. Осы секілді жағдайлар болса, хабарлап отыруды сұрады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігіндегілер талдықорғандық медбикеде нейроциркуляторлық дистония болғанын қосты.

«Оның жағдайы жақсы. Бәрі артта қалды», — деді министрліктегілер.

Еске сала кетсек, 1 ақпан күні 15 адам санкцияланбаған наразылық акциясына шығып, вакцина салдырғысы келмейтінін жеткізді.