Талдықорғанда Smart-аялдаманы тонаған оқушылар видеоға түсіп қалды
Қала әкімдігінің қызметкерлері жасөспірімдердің ата-анасынан хабарласуды сұрайды, әйтпесе полицияға шағым түсірмек
АСТАНА, 14 қаңтар — Sputnik. Талдықорған әкімдігінің өкілдері қала тұрғындарынан Smart-аялдамалардың бірінде қабырғаға ілінген қуаттағыш құрылғыны ұрлап кеткен жасөспірімдерді табуға көмектесуді сұрайды.
Оқиғаның видеосын әкімдік қызметкерлері Facebook-тегі ресми парақшада жариялаған.
Кадрларда жасөспірімдердің бірі қабырғадағы сымды жұлып алады да, достарымен аялдамадан ізін суытады.
«Құрметті, талдықорғандықтар! Мына видеоны мұқият қараңыздар, оқушылар «Самалдағы» жаңа Smart-аялдаманың қабырғасына орнатылған 8 гаджетке арналған қуаттағыш құрылғыны жұлып алып кетті. Бала емес, ұрылар! Құрметті ата-аналар, осы видеода балаларыңызды танысаңыздар, хабарласыңыздар, әйтпесе құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр боламыз», — деп жазды әкімдік қызметкерлері.
Естеріңізге сала кетсек, Алматыда Назарбаев зияткерлік мектебін тонаған ер адам үш жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/