Талдықорғанда «ҚДТ әрекетіне қатысқан» зейнеткерге үкім шықты

0

28 ақпанда Талдықорған қаласында Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 68 жастағы жергілікті тұрғын Болатхан Жүнісовке қарсы сот аяқталды. Судья Құралай Дарханова Болатхан Жүнісовты «сот тыйым салған ұйымдардың қызметіне қатысу» бабымен айыпты деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеуге үкім етті.

Үкім заңды күшіне енген жоқ, Болатхан Жүнісов 15 тәулік ішінде шағым түсіре алады. Азаттыққа соттан кейін пікір білдірген Жүнісов, өзін айыпты деп санамайтынын бірақ шағым түсірмейтінін айтты. Мұнысын ол «тергеу мен сот заңды бұзған жоқ» деп түсіндіреді. Оның сөзінше, бұл істе «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысын «экстремистік ұйым» деп таныған және тыйым салған Астананың Есіл аудандық соты мен оны кез келген адамға қарсы қолдануға рұқсат беретін заңдар кінәлі. Сондықтан зейнеткер арыз түсіріп уақыт шығындаудың қажеті жоқ деп біледі.

Отставкадағы полиция майоры Жүнісовке 2009 жылдан бері шетелде тұратын экс-банкир, Қазақстан билігін жиі сынайтын Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жұмысына қатысты» деген айып тағылған. Қазақстанда 2018 жылы наурызда шығарылған сот шешімімен ҚДТ қозғалысы экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған.

Азаттық