Талдықорғанда қатерлі ісікті ерте анықтайтын орталық ашылды
Көпсалалы аурухана жанынан қатерлі ісікті ерте анықтайтын орталық ашылды.
Орталықты ашуға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Ақтаева арнайы келді. Заманауи қондырғылармен жабдықталған кабинеттің лентасын қию салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ қатысты.
Орталық жекеменшік және мемлекеттік әріптестік негізінде іске асырылды. Аталған жоба ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолауында айтылған үш маңызды тапсырманы орындауға бағытталған.
«Аталмыш жоба шалғай аудандардың халқын обыр сырқатына тексерудегі үздік үлгі. Оларда маман жоқтың қасы. Жоба бойынша цифрлық жүйеге қосылған 73 қондырғы бар. Олар кеселді ерте, нақты анықтауға септігін тигізеді», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Мейрашқызы.
Мұндай жоба осы күнге дейін жапон және түрік елдерінде жүзеге асырылып келген. Біздің кәсіпкерлер бастаманы түрік елімен бірлесіп іске асырып жатыр. Жобаның негізгі басымдығына онкологиялық кеселді ерте анықтау арқылы сырқаттың өмірін ұзарту, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасын іске асыру, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету және онкологиялық сырқатты ерте анықтау мақсатында скринингтік тексеру жүргізу жатады. Жасанды интеллект арқылы зерттеудің нәтижесінде туберкулез және әйелдердің сүт безі рагін ерте анықтау 13 пайыздан 60 пайызға өседі деген болжам бар. Жоба мемлекеттің қаржысын едәуір үнемдейді. Барлық онкологиялық сырқаттың ішінде өкпе қатерлі ісігі 11,8 пайыз, сүт безі кеселі 13,8 пайыз мөлшерді құрайды.
Бұған дейін онкологиялық дертті емдейтін дәрігерлердің жетіспеушілігі, зертхананың шалғайлығы сырқатты ерте анықтауға қолбайлау болып келгені жасырын емес. Аталмыш орталық көп кеселді жасанды интеллект арқылы анықтайды. Кеселді ерте табу емді уақытында жүргізуге септігін тигізеді. Бұл орайда орталықтың атқаратын рөлі зор.
Дереккөз: baq.kz