Талдықорғанда 3 айдан бері іздеуде жүрген әкесі мен қызы полициядан қашамыз деп апатқа ұшырады — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы облысында санитарлық бекетте тоқтаудан бас тартқан жүргізуші тәртіп сақшыларынан қашамын деп, көлігін аударып алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

26 сәуірде кешке Талдықорған қаласының 27 жастағы тұрғыны “Лексус-470” автокөлігін масаң күйде басқарып, “Талдықорған-Үштөбе” автожолының 25-шақырымында орналасқан №1 санитарлық бекеттен өту кезінде полицейдің заңды талабын орындамай, тоқтамастан өтіп кеткен.

«Ізіне түскен тәртіп сақшыларын көрген жүргізуші Қаратал ауданына қарасты Ескелді ауылына бұрылған. Ауылдан шыға ол облыс орталығына бет алған. Дегенмен, 27-шақырымға жеткенде көлігіне ие бола алмай, жол жиегіне аударылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен оның қызы әртүрлі дене жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді. Ал, оның автокөлігі арнайы тұраққа қойылды», — деп жазды Polisia.kz.

Сотқа дейінгі тергеу барысында әкесі мен қызының 2020 жылдың 15 қаңтарынан іздеуде жүргені анықталды. Өтінішті жүргізушінің әйелі жазған. 

Денсаулығы қалпына келген соң, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы бойынша шешім қабылданады.

Билік өкіліне бағынбау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымнен қатар, күдікті масаң күйде көлік құралын басқару, төтенше жағдай тәртібін бұзу және денсаулыққа зиян келтірген жол-көлік оқиғасын жасау деректері бойынша қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес жауап береді.

stan.kz