Талдықорған полиция басшысының кабинетіндегі зорлау ісі: Жәбірленуші қыз 6 жылға бас бостандығынан айырылды

Жетісу облысының Көксу аудандық соты бұған дейін сотталған Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы Марат Күштібаев пен алаяқтық ісі бойынша тағы екі адамға үкім шығарды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл жолы Күштібаевтың танысы мен сот хатшысына қатысты үкім шықты.
Жетісу облыстық сотының мәліметінше, Көксу аудандық сотында алаяқтық жасады деп айыпталған үш адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. 2023 жылдың 12 қарашасында Талдықорған қалалық полиция департаментінің бастығы Марат Күштібаевқа қыз зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Оның әйелі мен ағасы жәбірленуші мен екінші сотталушының жақын таныс екенін анықтаған. Осылайша жәбірленушінің айғақтарын өзгерту мүмкіндігін қарастырып, ақшалай сыйақы беретінін айтқан», – делінген сот хабарламасында.
Осылайша полиция қызметкерінің туыстары Күштібаевтың қылмысын зорлаудан мәжбүрлі жыныстық қатынасқа өзгертпек болған. Жәбірленушінің жігіті уәде еткен қаражаттың бір бөлігін, яғни 3 миллион теңгені алған.
«Сотталушының әйелінің сеніміне кірген хатшы жәбірленушінің айғақтарын өзгерткені үшін 50 миллион теңге талап еткен. Сотталушының әйелі келіскен. Кейін хатшы сотталушының әйеліне талап етілген соманың 40 миллион теңгеге дейін қысқарғанын айтқан. Сосын екі аударым алғанын, бірақ жәбірленушіге небәрі 20 миллион теңге аударып, қалғанын өзі иемденгенін жеткізген”, – делінген сот хабарламасында.
Нәтижесінде үшеуі де алты жылға бас бостандығынан айырылды. Қазір бұрынғы полиция қызметкеріне қосымша өмір бойы кез келген мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.
Сонымен қатар хатшы 20 миллион теңгені, ал қыз бен жігіт бірігіп 20 миллион теңгені, ал ер адам 3 миллион теңгені жеке өзі қайтаруы тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Талдықорған полициясының басшысы қыз зорлады деген күдікпен ұсталған. Кейін ол екі айға қамауға алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 2-бөлігі («Адамның қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған зорлау») бойынша қылмыстық іс қозғалған. 29 ақпанда Марат Күштабаевтың қыз зорлау ісі бойынша сот процесі басталғаны хабарланған.
Бұған дейін Талдықорғандағы қыз зорлау оқиғасынан кейін орта шенді полиция қызметкерлерін аттестациядан өткізбек екені белгілі болған.