Талайларды өлімнен құтқарған ақ парақта не жазылған?
Ұлыбританиядағы Сандерленд қаласындағы Уирмут көпірі қайталанбас архитектуралық көркемділігімен бірден көзге түседі. Бұл көпірдің атағын арттырып жүрген тағы бір факт бар. Не дейсіз ғой? Өмірмен қош айтқысы келгендер осы көпірден секіргенді құп көреді екен.
Мұны жақсы білген 18 жастағы Пейдж Хантер қайғыға душар болып, жүректері жараланып, өлімнен басқасын ойлай алмай қалған бейбақтарға қол ұшын созуды жөн санайды.
Пейдж Хантердің таңдаған тәсілі қандай десеңіз, таң қалуға дайын болыңыз. Себебі Пейдж түрлі-түсті фломастерлерді қолдана отырып, жігерлендіретін, рухтандыратын сөздерді ақ параққа жазып, ламинаттап, көпірдің айналасындағы 40 жерге іліп қойған.
«Шынайы ниетімді байқату үшін осы сөздерді әдейі қолдан жаздым» депті Пейдж инстаграмында. Өлемін деп келген адам Пейдждің жазғандарына көз түсіп, бастапқы ойларынан айныған. Онымен қоймай бойжеткен шұғыл психологиялық көмек көрсету орталығының телефон нөмірін де қоса жазған.
18 жастағы қыздың ақ параққа жазғандары:
- «Мықты бол! Себебі бәрі жақсы болады. Дәл қазір басыңа қара бұлт үйірілген шығар. Маған сенші, ертең-ақ күн шығады жарқырап»
- «Терең тыныс ал. Артқа қадам жаса. Ойыңнан айны. Бізге бәрібір емес»
- «Ертең керемет күн туады. Өтініш, мойымашы!»
- «Кішкентай күрескер! Көрер қызығың мен қуанышың әлі алда»
- «Қозғалма. Тоқта. Дем ал. Тығырықтан шығар жол бар. Бұл әлемде сені жақсы көретін адамдар бар»
Осы жазуларды байқап қалып, тірі қалғандардың ресми расталғандары – 6 адам. Себебі 6 адам Пейдж қалдырған нөмірге қоңырау шалып, психологиялық көмек алған. Үндемей, теріс бұрылып кеткендер қаншама!?
Пейдждің бұл әрекеті жергілікті полицияның назарынан тыс қалмады. Сандерлендтің полициясы оны құрмет грамотасымен марапаттапты. Сонымен қатар твиттердегі өздерінің ресми аккаунтында Пейджге алғыс айта отырып, бұл жазбаларды «үміт отын жағатын жолдаулар» деп атап өтті.
Бүгінгі таңда Пейдж Хантер Сандерленд қаласынан жақын маңда орналасқан Ист Дюррем колледжінде оқиды. Адамгершілігі мол, жүрегі мейірімділікке толы қыз шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында былай депті: «Отбасым мені мақтан тұтады. Грамотамды қабырғаға іліп қоймақшымын. Мен жай ғана адамдарға көмектескім келді».
Ол мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Бүгінгі таңда жігерлендіретін жаңа жазбалардың мәтінін ойластыру үстінде. Оларды Уирмут көпірінің айналасына іліп тастамақ.
Дереккөз: Paige Hunter’s Notes on Wearmouth Bridge in England Help Save Lives