Талай нәрсе айтқым келеді, ашығын айта алмай, қорқып жүрмін
Stan.kz тілшісі танымал кинорежиссер Еркін Рақышевпен кездесіп соңғы уақытта саясатқа белсене араласып жүргеніне не себеп екенін және биылғы сайлаудың елімізге тигізер әсері туралы сұхбаттасып қайтты.
Соңғы күндері саясатта көп араласып жүрсіз. Не түрткі?
Қосанов өзінің сайлауға түсіру туралы преcс-конференциясында мені көріп қалып, сенімді өкілім бол деп ұсыныс жасады. Мен қабыл алдым.
Сізді билік басынан лауазымды қызметтен көруіміз мүмкін бе?
Жоқ, менің он класстық қана білімім бар. Одан кейін оқыған жоқпын. Оған осы күнге дейін өкінген жоқпын. Мен билікте отыра алмайтын адаммын. Кино түсірген ұнайды, үнемі қозғалыста болған маған тиімді. Өзімді қазақстанның рыногынан бөлек шетелдік нарыққа кіре алатын кино түсіре аламын деп есептеймін. Өйткені жапондықтармен бірігіп түсіріген «Әйгерім» фильмінің Қытайда өткен премьерасында қытайлықтар еңіреп тұрып жылады. Сонда ойыма шетелдік көрермендерді баурайтын кино түсре алады екенмін деген шешімге келдім. Тағы айта кететіні осы кинода қытай еліне рахмет айтып кетемін. Неге? Себебі біздегі аштық пен зорлықтан қашқан босқындар Қытайға барған жоқ. Қытай жерін мекендейтін қандастарымызға пана сұрап барды. Осыны көпшілігі дұрыс түсінбейді. Менің кинома дейін ешкім айтпаған. Қандастарымыз бен Қытай елінің арқасында аман қалды деп айтуға толық негіз бар.
Биылғы сайлаудан не күтесіз?
Бұл сайлау қазақ тарихында алтын әріппен жазылатын сайлау болады. Неге? Кезінде Алаш қайраткерлері «Оян, қазақ!» деп оята алмай кеткен. Жүз жыл өтті. «Қазақ оянды» деген термин кіріп жатыр. Ешкім осы сайлаудан кейін қазақ ұйықтап жатыр деп ешкім айта алмайды. Бұл қазақты оятқан сайлау болды. Тәуелсіздік алғалы билік құрған ескі жүйе мен жаңа жүйенің тартысы десек болады. Қосановтың орынында кез-келген адам болғанда халық қолдайтын еді. Қазіргі билік басындағылар осыған дейінгі келеңсіз жайттарға орын берген саясатты жалғастырамын деп отыр. Ал Әміржан билікке келсем, реформа жасаймын, әділ сайлау өткіземін деп отыр. Бұл екі жүйенің тартысы. Бізге әділ сайлау өткізу керек. Біздің жұбанатынымыз — халық оянды. Біз енді тоқтамаймыз.
Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі тұңғыш рет әйел кісі өз кандидатурасын ұсынды. Әйел кісінің билік басына келгенін қалай қарайсыз?
«Ақ жол» партиясның атынан шығып отырған Дания Еспаеваға қатысты ештеңе айта алмаймын. Бұл сайлауда әртүрлілік болсын дегені шығар. Мүмкін елдің көзін жайлап үйрете берейін дегені шығар билік басындағы әйелдерге.
Жоғарыдағыларға қатысты дүниелерді ашық айтасыз. Қорықпайсыз ба?
Мен ашығын айта алмай, қорқып жүрмін қайта. Талай нәрсе айтқым келеді. Мен барлығын заңның аясында айтып жүрмін. Заң бұзған бір сөзімді іліп ала алмайсыз. Сондықтан қорықпаймын.
Митингке шығамыз деп сайлауға бойкот жариялап отырғандар үлкен қателік жіберіп отыр. Себебі, сайлау өтетін күні митинг өткізіп, бүлдертін болса, халықты жиынға шақыратын болса, билік оларды заң бойынша қамайды. Өйткені сайлауға кедергі жасап, елдің тыныштығы бұзғаны үшін сотталады. Халық осыны білсе екен.
Cұхбаттасқан: Жанна Мәлік
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
stan.kz