«Такси жүргізушісі болып кетті ме деп таңғалатын сияқты»: Бұрынғы ЦОН басшысы не себепті көлік тізгініне отырғанын түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары

0

Бұрын түрлі мемлекеттік қызмет атқарған, тіпті басшылық лауазымға дейін өскен Ғани есімді Алматы тұрғыны өмірін күрт өзгертіп, көлік тізгініне отырған. Азамат не себепті мемлекеттік қызметтен кеткенін, қазір қанша табатынын және жұмысындағы қызықты оқиғалар туралы Stan.kz тілшісімен бөлісті.  

33 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Ғани 2008 жылы Әділет басқармасында хатшы ретінде бастапты. Кейін жетекші маманға дейін өскен. 2010 жылы Қордай ауданында Халыққа қызмет көрсету орталығына басшы болып тағайындалған. Кейін отбасылық жағдаймен қызметінен кетуге мәжбүр болған. Одан кейін колледжердің бірінде директордың орынбасары, Қордай ауданы Ішкім саясат бөлімінің жетекші маманы болып жұмыс істеген.

Мемлекеттік қызметтен кетуінің себебін Ғани «Халыққа қызмет көрсеткеннен кейін, айлығы жақпады ма, қағаз жүзінде және іс жүзінде жұмысымыздың ерекшеленетіні ме, әйтеуір кетуге бел будым» деп түсіндіреді. 

Күнделікті нәпақасы туралы азамат: «Таңғы 6-дан 12-ге дейін жүріп, 300-350 мың табамын, оның 7 мыңына күнделікті көлікті жалдаймын. Жолдастарым біледі, бірақ туған-туыстарым көп біле бермейді. Ыңғайсыз да сияқты, басшылық қызметте жүріп, такси жүргізушісі болып кетті ме деп таңғалатын сияқты. Біздің ортада сөз көп қой. Қазір бұрынғы жұмыстарыма қарағанда ақшасы жақсы, бірақ әрине, Қордай ауданы үшін 100 мың теңгеден астам кірісім жетіп тұратын. Алматыда пәтер бар, жүрісіміз бар. Жұмысты оңай деп айта алмайсың әрине, таңғы 6-дан түнгі 12-ге дейін. Түрлі адамдар кездеседі. Біреу ақыл сұрайды, біреу ішіндегісін әңгімелеп береді. Ойлаймын біреуге болмаса, басқасына көмегім тиеді. Кейбір клиенттер, әрине, тек амандасып, құлағына құлаққапын тағып алады. Әңгімелесіп келе жатып жол да қысқаратын сияқты», — дейді. 

Ғани жұмыс бабында күнделікті қызықты оқиғалар болып тұратынын айтады. 

«Бірде Қабдолов бойындағы ірі сауда орталығына келдім, клиент 6-ншы секторға келуді сұрайды. Бір қыз тұр екен, отырды, мен жүріп кеттім, біраз алыстап кетсем, тапсырыс беруші хабарласады, қайдасыз деп? Қайдасы нес, сізді әкетіп бара жатырмын десем, ол емес, басқа адам отырыпты, оған да менікіндей көлік келуі керек екен. Қайтадан бұрылуға тура келді, әбден күлгеніміз бар. Бір шеті қызығы мол жұмыс, бір шеті шыжығы мол, әртүрлі клиенттер отырады, кейде таң атпай ұрттап алған кісілер отырады», — деп бөліседі сұхбат берушіміз.

Бірақ Ғани ештеңеге қарамастан, жан-жағындағы адамдарға қуаныш сыйлауға тырысады екен. Мәселен, Жаңа жыл қарсаңында көлігіне отырған барлық клиенттеріне кішігірім сыйлықтар табыстапты.

«31-і күні желтоқсанда Аяз атаның телпегін киіп алып, көлігімді жаңажылдық атрибуттармен безендіріп, қапшық алып, ішін сыйлыққа толтырдым. Клиенттеріме тақпақ айтып беруді сұрадым, сосын кішігірім сыйлықтарды тапсырдым, олар мәз-мәйрам, көңілімізді көтергеніңізге рахмет деп, аямай шайлықтарын тастап жатты», — дейді ерекше есте қалған мейрам туралы азамат.

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмысын Ғани ұнататын сияқты, тіпті өзіне «таксипсихолог» деген ат та қойып алған.  

 

Дайындаған: Жанар Жансейіт

stan.kz