такси жүргізушілер неге чек беріп жатқан жоқ
Қысқа сілтеме алу
Такси қызметін ресми ұсынатындардың тек 5 проценті ғана 1 сәуірден бастап чек беруге міндетті болып шықты
АЛМАТЫ, 4 сәуір – Sputnik. 1 сәуірден бастап такси жүргізушілерін клиентке чек беруді міндеттейтін заң қолданысқа енді. Бұл заң елімізде қалай орындалып жатқанын Sputnik Қазақстан тілшісі зерделеп көрді.
Алматы қалалық Econom taxsi қызметіндегілер бұл заң орындалмай жатқанын жасырмады.
«Біздің білуімізше, патенті бар жеке кәсіпкерлік нысандар тұтынушыға чек беруден 2020 жылға дейін босатылған. Ал біз сондай мекемеге жатамыз. Сондықтан қазір тұтынушыларға чек беріп жатқан жоқпыз», — деді ондағылар.
Мұның жайын такси жүргізушілердің өзінен де сұрап білдік. Индрайвер қосымшасын пайдаланып, кісі тасып жүрген алматылық Қазбек Серікқазыұлы чек жайында бірінші рет естіп тұрғанын айтады.
«Ондайды естімеппін. Менен ешқандай адам чек сұрап көрген жоқ», — дейді ол.
Ал Яндекс қосымшасымен жүйткіп жеткен Ерлан деген таксистің бұл заңнан хабары бар екен.
«Чекті ресми такси қызметінде жұмыс істейтіндер береді деді ғой. Оның жеке-дара жүретін біз секілділерге қатысы жоқ деп ойлаймын», — дейді ол.
Шынымен де бұл солай ма? Мұның жайын Республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығының директоры Дмитрий Казанцев егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сөйтсек заң бойынша 1 сәуірден бастап елімізде такси қызметін ұсынып жүргендердің тек 5 проценті ғана чек беруге міндетті екен.
«1 сәуірден бастап такси қызметін көрсетушілер тұтынушыларына чек беруге міндетті деген мәліметтің өзі дұрыс емес. Иә, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап теориялық тұрғыда Кодексте «адам тасумен айналысушылар өз тұтынушысына фискальды чек ұсынуға міндетті» деп көрсетілген. Қазір көшеде жүрген таксидің 95 проценті патенті бар жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелген. Ал патенті бар жеке кәсіпкерлер касса апаратын қолданудан 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін босатылған», — дейді ол.
Демек, патенті бар такси жүргізушілері 2020 жылға дейін чексіз емін-еркін қызмет көрсетуге құқылы.
Казанцевтің айтуынша, бұл арада салықтың жеңілдетілген режимімен заңды әрі ресми түрде такси қызметін көрсететіндер, яғни осы нарықтың 5 проценті 1 сәуірден бастап табысы белгілі бір шектен асса, өз тұтынушысына чек беруге міндетті.
Айта кетелік, бұрын такси қызметімен айналысатындар салық заңнамасына сәйкес, чек ұсынудан босатылған болатын. Алайда биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап олар касса аппаратын алуға міндеттелген. Бұл талап қаржы министрінің «Салық төлеушілер Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асырғанда, ақшалай есеп айырысу кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжатқа сәйкес енгізіліп отыр.
sputniknews.kz