Тайландта қатты дауыл болуы мүмкін

0

Табиғаттың тосын жағдайы туралы Тайланд технологиялар және ғылым министрлігі Гид­рологиялық және ауылша­руа­шылық ақпараттар институты өзінің www.tmd.go.th ресми сайтында хабар таратқан. Инс­титут мамандарының мәлі­метінше, 1962 жылдан бері бол­маған тропикалық қатты дауыл Тайланд оңтүстігінің басым бөлігі, Самуи мен Пхукет аралдары және Пхангнга мен Краби провинцияларындағы туристік аймақтарға жақындап келеді. Дәлірек айтқанда, Тай­ланд­тың оңтүстігіндегі Сиам шы­ғанағынан Андаманд теңізіне дейін, Самуи, Пхукет, Краби және Пхангнгада жылдамдығы сағатына 65 шақырымға жете­тін қатты дауыл тұрады. 

«Reliefweb» порталында жарияланған институт өкілдерінің мәліметінше 1962 жылы болған тропикалық қатты құйын кезінде 12 провинция қирап, 900-ден астам адам қайтыс болған. Ал алдағы дауыл салдарынан теңіз толқындары 5 метрден асып көтерілуі мүмкін, сондықтан барлық табиғи апаттардың салдарын жою жөніндегі агенттіктерге дайын болу ескертілді. Өйткені дауыл Тайланд пен Мьянмадағы 5,3 миллионға жуық адам мекендеп жатқан аумақты қамтиды деп күтілуде.  

The New York Times Тай­ланд метеорологиялық басқар­масының барлық су көліктеріне сенбіге дейін жағада қалуды ескерткенін жазған.  

СІМ Тайландтағы жергілікті билік өкілдеріне сілтеме жасай келе, «Пабук» тропикалық дауы­лының 5 қаңтарда Сиам шығанағынан Тайланд жаға­лауларына жетуі мүмкін екенін айтады. Ал аталған билік өкіл­дері жеткізген болжам бойынша, 4 қаңтарда Сураттхани, Нак­хон­ситхаммарат, Пхат­тхалунг, Сонгкхла, Паттани, Яла, Наратхиват, Краби, Транг және Сатун провинция­ларында, 4-5 қаңтарда Пхет­бури, Прачуапкхирикхан, Нак­хон­ситхаммарат, Пхаттхалунг, Сонгкхла, Паттани, Яла, Нарат­хиват, Ранонг, Пхангнга, Пху­кет, Краби, Транг және Сатун провинцияларында қатты жа­уын жаумақ. 

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына төтенше жағдай болғанда ми­нис­тр­лік сайтында көрсетіл­ген мәліметтер арқылы Тайланд­тағы Қазақстан елшілігіне хабарласуды ескертеді. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/