Таиландта қазақстандық туристер мінген катер жағалауда жарылып кетті

Пхукет провинциясындағы Майтон аралының жанындағы жағалауда туристер мінген қайық жарылып кетті. Оның бортында қазақстандық демалушылар да болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bangkok post порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Пхукет аймақтық порт кеңсесінің директоры Начапонг Пранидтің айтуынша, жарылыстың себебі қозғалтқыштағы ақау болған. Жергілікті уақыт бойынша сағат 09:00 шамасында қайық өртеніп, кейін жарылды.
Деректерге сүйенсек, бортта тек үш экипаж мүшесі: капитан, инженер және бір экипаж қызметкері болған. Үшеуі де жарылыс қалдықтарынан күйік пен жарақат алды. Сондай-ақ, үш турист пен гид жалынның ұшқындарынан зардап шекті. Жарақат алғандардың барлығы жергілікті ауруханаға жеткізілді.
Khaosod English порталының мәліметінше, қайық қазақстандық және ресейлік туристерді тасымалдаған. Кеменің бортында барлығы 37 адам, оның ішінде Ресей мен Қазақстаннан келген 33 турист, бір гид және үш экипаж мүшесі болған.
«Капитан мен экипаж мүшелерінің бірі күйік алды. Үш турист пен гид жараланды», — деп қосты Начафонг.
Оқиға орнына Таиландтың теңіз қызметтері көмекке жіберілді.
Ал Пхукет префектурасы бұл жерге өрт сөндіру қайығы мен экипажы бар тағы бір қайық жіберді. Ал “Thana Marine 555” деп аталған қайықтың түгелдей жанып кеткені хабарланды.
Таиландтың туризм және спорт министрі Соравонг Тхиентонг туристік полиция мен жергілікті қызметтерге қауіпсіздікке, сапарларды ұйымдастыруға мұқият болып, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуді тапсырды.
Шенеунік болашақта мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін оқиғаның себептерін мұқият тергеу қажет екенін атап өтті.