Таиланд төрінде атой салған қазақстандық боксшылар елге оралды (фото)

0

18-26 қаңтар күндері Бангкокта өткен 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатында 11 медаль жеңіп алған бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Таиландтан тікелей рейспен Қазақстанға оралды. Бұл туралы Kznews.kz тілшісі Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап хабарлайды.

Сары құрлық бəсекесінің жүлдегерлерін əуежайдан Қазақстан бокс федерациясының өкілдері, туыстары, достары, журналистер мен жанкүйерлер сəн-салтанатымен күтіп алды.

«Бүгін елдегі жанкүйерлер әдеттегідей өте жақсы қарсы алды. Ұзақ уақыт жолда болып, жарыстан шаршаған боксшылардың көңіл күйі көтеріліп қалды. Біз халықтың боксты əлі де жақсы көретінін сездік. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, алда әлі көп жұмыс бар. Əуелі халықтың, сосын мемлекет пен федерация қолдауының арқасында отандасымызды тағы қуантамыз, деп сенемін», — деді Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

«Бізді қолдаған барлық жанкүйерге зор алғыс айтамын. Біз үшін уайымдап, жеңіс тілегендеріңізді жақсы білеміз. Бангкоктағы додаға келетін болсақ, мен ол жерде 57 келіге дейінгі салмақта сынға түстім. Бұл Олимпиада бағдарламасына кіретін салмақ. Енді ауысқандықтан қиындау болды. Соған қарамастан, жақсы нəтиже көрсеттім деп ойлаймын. Мақсат баяғыдай – Олимпиада алтынын жеңіп алу», — деді Ұлттық құрама көшбасшысының бірі Махмұд Сабырхан.

Еске салсақ, бокстан Азия чемпионатының медальдар кестесінде Қазақстан 2-орын алды.

Құрама сапынан Санжар Тәшкенбай (48 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі), Махмуд Сабыржан (57 келі) чемпион атанды.

Ал, Абзал Серік (67 келі), Сабыржан Аққалыков (71 келі), Диас Молжігітов (75 келі) күміс медаль алды.

Ел құрамасынан Талғат Сырымбетов (60 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Ерасыл Жакпеков (80 келі), Ерхат Бекзат (92 келі), Аманат Сабырғали (92 келіден жоғары) қола жүлдені қанағат тұтты.