Тағылымға толы туынды

0

Мәжілісте «Нұрсұлтан Назарбаев. Алтын ғасыр» атты жаңа кітаптың тұсаукесер салтанаты өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне арналған жаңа туындының авторы – Мәжіліс депутаты, Qazaqstan ardagerleri қауымдастығының төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл.

Іс-шара ұлтымыздың ұлық мереке­ле­рі – «Тұңғыш Президент күніне» және «Тәуелсіздік күніне» орайластырылды. Тұсаукесер рәсіміне Мәжіліс пен Сенат депутаттары, сондай-ақ Президент Әкім­шілігінің, бірқатар орталық мемлекеттік органдардың, зиялы қауымның өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты.
Б.Смағұлдың көркем тілмен жазыл­ған бұл ғылыми зерттеу еңбегі ірі 7 тарау­дан тұ­­­рады. Әр тарау Тұңғыш Президент Н.Назарбаев тұлғасының әр қырын ашады.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Мә­жіліс вице-спикері Гүлмира Исим­бае­ва Нұрсұлтан Назарбаев тек Қазақстанның көшбасшысы ғана емес, жаһандық дең­гейдегі лидер екеніне екпін түсірді.
– Елбасы басқарушылық ойланыс­тардан ғаламдық толғаныстар деңгейіне көшкен тұлға. Біздің бәріміз куәміз, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі лидер бейнесін мүлдем жаңа деңгейге көтерді, оның жаһандық жаңа стилін қалып­тастырды. Сондықтан Елбасы туралы танымды, тағылымды кітап жазуға екінің бірінің жүрегі дауалай бермейді. Біз Бақытбек Смағұлды Ауған соғысындағы ерліктері үшін батыр деп құрметтейміз, енді ол осы күрделі тақырыпты абыройлы еңсеріп, тағылымды, танымды туынды ұсынып, тағы да батырлығын паш етіп отыр, – деді Г.Исимбаева.
Оның айтуынша, Қазақстанның Тұң­ғыш Президентінің заманы және тұл­ғалық феномені туралы келер ұрпақ дұрыс әрі толымды пікір түюі, тұжырым жасауы үшін Елбасы туралы қазіргі за­мандастардың ой-байламдары, шығар­малары құнды болмақ. Тұсауы кесілген туындының маңыздылығы да осында.
Мәжіліс төрағасының орынбасары кітапта мән берілген тағы бір жайтқа тоқ­талды. Мәңгілік ел құру үшін бір ұрпақтың ғұмыры аздық етері даусыз, демек, тек ұрпақтан ұрпаққа ұласатын ортақ құн­дылықтардың, бірлік пен келісімнің, бей­бітшілік пен тұрақтылықтың үздіксіз сабақтастығы сақталғанда ғана Мемлекет басшысы қойған осы ұлы мақсат-мұратқа жетеміз.
«Біз әрқашан Елбасы атымен ұшта­сатын «Елдіктің алтын ғасырын» және оның асыл құндылықтарын болашақ қазақстандықтарға аманаттап қалды­руы­мыз керек. Бақытбек Смағұлдың бұл ғы­лыми еңбегі дәл осы міндеттің жүгін ар­қалайды», – деп түйді Гүлмира Исимбаева.
Іс-шарада Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов және басқа да мәртебелі қонақтар сөз сөйлеп, Тұң­ғыш Президент туралы жаңа туындының бұған дейін шыққан кітаптардан несімен ерекшеленетінін егжей-тегжейлі айтты.
Кітап авторы Б.Смағұл өз сөзінде Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтқан: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі» деген дана сөзіне назар аудартты.
– Көркем тілмен жазылған бұл ғы­лыми еңбек менің ұзақ жылдардан бергі ой-толғаныстарының жемісі. Сыр бо­йында тамаша бір даналық бар: «Кү­ріш – жердің өгей баласы, ал арамшөп –өз баласы» дейді. Расында, арамшөпті баптаудың керегі жоқ, ол өзі-ақ қаулап өседі. Ал күріш шығуы үшін күтім керек. Күту керек. Ол тоқсан күн суда тұрып, сабақтанады, гүлін төгеді, дақылданады. Сол сияқты осы еңбектің де уақыты мен бабы қазір келіп, өмірге жолдама алуда. Демек, бұл туынды – ұзақ жылғы жұмыс­тың өнімі. Қойын дәптерлерімде, күнде­ліктерімде көп жыл түртілген танымдық ойларымның, толғаулы тұжырымда­рым­ның жинағы. Бұл ретте заманауи ғы­лым­ның саясаттану, тұлғатану бағыттарында еңбек етіп жүрген отандық және бірқатар шетелдік ғалымдармен мұқият ақыл­дастым, пікірлеріне құлақ түрдім, пысық­тадым, – деді Бақытбек Смағұл.
Рәсім барысында айтылғандай, ­«Нұр­сұлтан Назарбаев. Алтын ғасыр» кітабы қалың оқырманға, әр сала ма­мандары­на, сондай-ақ болашақ назар­баевтану­шыларға орнықты ой, дәйекті дерек, тағылымды түйін, ұлағатты ұйға­рым ұсынады.

Елдос Сенбай