Тағы үш облыста сабақтар тоқтатылды

0

2018 жылғы 21 желтоқсан 08:27 233

Тағы үш облыста сабақтар тоқтатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат — Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында аяз салдарынан бірінші ауысымда оқитын оқушылар үшін сабақтар тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратынша, елдің бірқатар елдімекенінде бірінші ауысым үшін сабақтар болмайды. Мәселен, Өскеменде 30 градус аязға байланысты 1-4 сынып оқушылары оқымайды. Ауа температурасы 30 градусқа дейін төмендеген Семей қаласында 1-9 сыныптарда сабақ жүргізілмейді. -27 градус аязды көрсетіп тұрған Риддер қаласында таңертең оқитын 1-9 сынып оқушылары да үйлерінде қалады.  

Зырян ауданында -31 градус суық болып тұр. Ондағы 1-4 сынып оқушылары үшін сабақ болмайды. Қатонқарағай ауданында аяз 28 градусқа дейін көтеріліп тұр, 1-9 сынып оқушылары бүгін мектепке бармайды. Шемонаиха ауданында -34 градус аяз, ал Бесқарағай ауданында 35 градусқа дейін көтерілген, бұл аудандарда бірінші және екінші ауысымдағы 1-11 сынып оқушылары үшін сабақ болмайды. Аягөз ауданында -27 градус суық, бірінші ауысымдағы 1-9 сыныптар үшін сабақ болмайды. Бородулиха ауданында (-36 градус) бірінші және екінші ауысымдағы 1-11 сынып оқушылары үйлерінде қалады.

Ұлан ауданында ауаның температурасы -30 градус, бірінші ауысымдағы 1-4 сынып оқушылары үшін сабақ тоқтатылды. Күршім ауданында ауа температурасы -32 градусты көрсетіп тұр. Салдарынан бірінші ауысымдағы 1-9 сынып оқушылары оқымайды. Көкпекті ауданында (-28 градус) бірінші ауысымдағы 1-9 сынып балалары да бүгін демалады.

Сондай-ақ Үржар ауданында (-29 градус) бірінші ауысымдағы 1-4 сыныптар үшін сабақ болмайды.

Қарағанды қалалық Білім басқармасының ақпаратына сәйкес, 21 желтоқсан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты таңертеңгілік кезектегі 0-9 сынып қатысушылары оқымайды.

Сонымен қатар, Қостанайдың білім бөлімінен мәлім еткендей, жұма күні таңертеңгі сағат 06.00-дегі жағдай бойынша қалада -26 градус аяз тұрды. Сол себепті бірінші ауысымдағы 0-5 сынып оқушылары үшін сабақтар тоқтатылды. 

Еске салайық, бүгін аязға байланысты Астана қаласының мектептерінде бірінші ауысымдағы 1-9 сынып оқушыларына сабақтар тоқтатылды.  

 

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz