«Тағы біреудің өлгенін күтіп отырамыз ба?»: Шамалған тұрғындарымен кездескен билік көпір мәселесі қашан шешімін табатынын айтты – Қазақстан жаңалықтары

0
109

Шамалған стансасы тұрғындары оқиға болған жерде көпір салуды бірнеше жылдан бері айтып келген. Бірақ оларды естір құлақ, тыңдар жан болмапты. Бүгін осы жағдайға байланысты Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Сайланбайұлы мен Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат  агенттігі.

халық

Қарасай аудандық әкімдігінің алдында өткен жиында халық билік өкілдеріне сұрақ қойып, мұң-мұқтаждарын жеткізді. Көпір мәселесі және басқа ауылдағы проблемаларды көтерді. Ақ жаулықты аналар көздеріне жас алып, билікке өз наздарын, өтінішін айтты.

«Мұндай жағдайға жеткізбей көпірді жасау керек еді. Әттеген-ай көп. Бірақ болар іс болды. Енді көпір жасалады. Біздің мақсат – сіздердің алдарыңызда әдемі сөйлеп жылтырап кету емес. Сіздердің ұсыныс, тілектеріңізді тыңдау үшін, шешуге келдік. Жанымыз қиналып отыр. Қиын жағдай. Ауылдың мәселесін көтеріп жатыр екенсіздер. Оларды жазып, тіркеп аламыз. Көпір де, жаяу жүргіншілер жолағын да жасаймыз. Мен Алматы облысының әкімі Амандық Батталовтың атынан келіп отырмын», – деді халықтың сұрағына жауап берген  Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Сайланбайұлы.

Билік үш-төрт айда оның жобасын сызып, келесі жылдары көпір құрылысы міндетті түрде басталады деп уәде берді.

«Болған оқиғаға байланысты жаңсақ әртүрлі сөз болып жатыр. Ауруханада анасы мен 2014 және 2016 жылы туған екі қызы жатыр. Екі қыз баланы Алматыға ауыстыруы мүмкін. Ал анасының жағдай бірқалыпты. Сондықтан алып-қашпа сөздерден аулақ болыңыздар. Осындай жағдайды келесіде болдырмаудың мәселесін сіздермен қарастырамыз, бірге шешеміз. Қазір көпір мәселесін көтерейік. Ол жердегі жол кептелісін қарастырып, ал көпірді басқа жерге салсақ дейміз. Өйткені ол жерге көпір салу үшін бірнеше үйлер мен көлік жуу бекеттері сүріліп алынып тастауы қажет болады. Оның жұмысы көп. Сондықтан бүгін сіздердің ұсыныс-талаптарыңызды тыңдай отырып, көпір мәселесін шешудің амалдарын қарастырайық», – деді Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев.

Ауыл халқы Қарасай ауданының әкіміне көпір мәселесін мен қатар басқа да дүниелерді көтерді. Оның ішінде мектеп, жол, су, жарық мәселесі де қозғалды.

Айта кетсек, екі күн бұрын Алматы облысында үлкен жылдамдықпен келе жатқан пойыз жолда кідіріп тұрған автобусқа соғылған болатын. Салдарынан бір автобус жүргізушісі қаза тауып, әйел екі қызымен жарақат алған еді. 33 жастағы әйел мен 2014-2016 жылы туған қыздардың жағдайы ауыр деп бағалануда.

stan.kz