Тағы бір ресейлік спортшы Қазақстан азаматтығын алуға ниетті
Еркін күрестен Қазақстан чемпионатында ресейлік әлем чемпионы Начын Куулар 65 келі салмақта белдеседі. Осылайша, ол Қазақстан құрамасына кіру үшін ішкі чемпионатта шеберлігін дәлелдемек, деп хабарлайды Kznews.kz.
28 жастағы балуан Ресей құрамасы сапында Еуропа чемпионатында қола жүлдегер атанса, енді еркін күрестен Қазақстан чемпионатында жүлде алуға ниеттеніп отыр.
«Ел чемпионатында Начын Кууларды Шымкент құрамасының намысын қорғайды. Сонымен бірге, ол қазақстан азаматы екенін растайтын құжатының жоқтығына байланысты ұлттық құрама сапында халықаралық жарыстарда өнер көрсете алмайтынын хабарлаймыз», — деді спорт және дене шынықтыру комитетінің өкілдері.
Сондай-ақ комитет Начын Куулардың Парижде өтетін келесі Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан қатыса алмайтынын да түсіндірді.
«Ережеге сәйкес спортшылар өзі намысын өорғайтын мемлекет аумағында тұруы және сол елдің атынан халықаралық жарыстарда өнер көрсетуі қажет. Сондай-ақ олимпиада алдындағы канатинді алуы қажет. Мәселен бокс, таэквондо, күрес, семсерлесу, гандбол, көгалдағы хоккей, су спорты секілді халықаралық жарыстарға қатысу үшін карантин 3 жыл уақыттан кейін алынады. Куулар әлі спорт азаматтығын алған жоқ, оған трансфер картасы жоқ. Ережеге сәйкес ол азаматтығын ауыстырғандықтан үш жыл карантинде болады. Бұл кезең халықаралық жарыстарға аккредиттеуді тапсырған сәттен бастап есептеледі. Өтініш берілген», — деп түсіндірді комитеттегілер.
Жетістіктер
Тува тумасы 2016, 2017 және 2018 жылдары әскерилер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен. 2019 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ жастар арасындағы әлем чемпионы (U23, 2017).
Күрестің барлық түрінен Қазақстан чемпионаты Астанада 1 ақпанда басталып, 5 ақпанда аяқталады. 65 келіге дейінгі салмақтағы спортшылардың өнер көрсетуі ақпанның 4-не жоспарланған.