«Табысым 70 мың деп анықтама берген»: Сот танымал блогердің некесіз туған қызына алимент төлеу туралы шешім шығарды

0

Белгілі блогер Дархан Жолшыбеков некесіз туған қызына 110 мың 760 теңге алимент төлейтін болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айдана Сапарбекова есімді қыз Алматы қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына баланың әкесі Ж-ның танымал блогер бола тұра, қызына аз мөлшерде алимент төлейтінін айтып, шағымданған.

Дархан Жолшыбеков сотқа түсірілген шағымға 20 мың теңге көлемінде ғана алимент төлей аламын деп жауап берген.

Сот мәліметінше, бұрын сот шешімімен Ж-ның кәмелетке толмаған баласы А-ға қатысты әке болуы белгіленіп, оның тапқан табысының және (өзге) табысының ¼ бөлігі мөлшерінде алимент өндірілген. Істі қарау барысында блогер жалақысы 70 000 теңге көлемінде екені туралы анықтама ұсынған.

Осы орайда, банк анықтамаларынан Дарханның есепшотында қомақты қаражат бар екені, қымбат, бренд заттар сатып алып, туризм және демалу мақсатында елден тыс жерлерге жиі шығатыны анықталды.

«Неке (ерлі-зайыпты) және отбасы туралы» кодекстің 141-бабына сай, ата-ана арасында кәмелетке толмаған бала үшін алимент төлеу туралы келісім болмағанда және алимент өндіріп алғанға барабар жағдайларда, ата-ананың табысы және өзге де табысы болмаса, қиналса немесе тараптардың бірінің мүддесін елеулі түрде бұзса, сот ай сайын белгіленген ақшалай сомада немесе бір мезгілде өндіріп алынатын алимент мөлшерін анықтауға құқылы”, – делінген хабарламада.

Мұндай жағдайларға тұрақты емес, өзгермелі табысы және өзге де кірісі бар ата-анадан немесе жалақы мен өзге де кірісті толық немесе ішінара заттай алатын ата-аналардан алимент өндіріп алу жатады.

Соттың шешімі бойынша, іс негізінде анықталған мән-жайларды, оның ішінде жауапкердің басқа да кірістерін және баланың мүддесін ескере отырып, сотталушы Дархан Жолшыбековке қатысты 30 АЕК (110 мың 760 теңге) тұрақты сомада алимент өндіру туралы шешім қабылданды.