Табысты адамның тоғыз қаруы |
Адам өз өмірі мен тағдырын кез келген уақытта өзгерте алады. Тек өз-өзіне сенімді болуы керек. Өз-өзіне сенімді адам ғана өмірде өз орнын тауып, жетістікке жете алады.
Алайда адам өміріндегі кейбір қарапайым сөздердің өзі өмірді түгелімен өзгертуі әбден мүмкін. Иә, сіз дұрыс оқыдыңыз. Өмірді, тағдырды өзгертетін қарапайым сөздер бар. Бұл сөздерді күнделікті өмірде жиі қолданып, амал етсеңіз жетістікке жетіп, мақсатыңызды орындайтыныңыз анық.
1.Үміт – адамды кез келген қиындықтан құтқарады. Қандай да болмасын қиндық кезінде «Мен жақсылықтан күдер үзбеймін, үмітсіз шайтан, мен үміттенемін», — деп айтыңыз. Айтқаныңыз орындалады.
2.Сәттілік – психологтардың сөзіне сүйенсек, сәттілік өзінің атын атағандардың қасында болады. Алайда бұл сөзді қолданған адам өз-өзіне сенімді болуы қажет. «Менің жолым болып кетсе екен, бәрі сәтті аяқталса екен», — деудің орнына, «Барлығы сәтті аяқталады, мен сенемін», — деп айтқан дұрыс.
3.Сүйіспеншілік. Әрбір адам ең алдымен өзін жақсы көруі керек. Сонымен бірге әрқашанда өзіңіз үшін қымба жандарға «мен сені жақсы көремін», — деп айту керек. Бұл сөз де өмірді түбегейлі өзгертеді. Себебі адам өміріндегі сезім мен сүйіспеншіліктің рөлі зор. Бұл сөз сізге үй немесе көлік алатындығыңызға кепілдік бермейді, алайда ішкі жан дүниеңіздің көркеюіне зор үлесін тигізеді.
4.Табыс. Әрбір бастаған жұмысыңыз табысты болуы үшін бұл сөзді жиі айтуыңыз керек. Нәтижесінде сіз өзіңізді іштей тәрбиелеп, табысты қызметкер атанасыз. Жай ғана «Бұл жұмысым табысты аяқталады», — деп айту жеткілікті.
5. Жақсылық. Бұл сөзді айтқаннан гөрі амал еткен пайдалы. Өзгелердің сізге қол ұшын созғанын қаласаңыз, алдымен өзіңіз басқаларға көмектесуіңіз керек. Сіз жасаған кез келген жамандық та, жақсылық та өзіңізге қайтып келетінін ұмытпағаныңыз абзал. Себебі өмір – бумеранг. Сізге бүгін ешкім көмектеспеген болса, өзіңізді кінәлаңыз, себебі сіз де өзгелерге қиын сәтте көмек көрсетпегенсіз.
6.Сенім. Әрқашан өмірге, тағдырға сенім арта білу керек. Қиын кезде барлық мәселе шешілетініне сену керек. Әрбір адам үнемі «Бүгін болмаса да ертең бұл мәселе шешілетініне сенемін. Мен өзіме де, тағдырыма де сенемін», — деп айтып жүру керек.
7.Сенімділік. Сенім мен сенімділік ұқсас болса да, екеуінің мағынасы әртүрлі. Сенім өзгеге сену болса, сенімділік әр адамның ішкі мені, яғни өз-өзіне сенімділік. Егер сіз өзіңіздің күшіңізге және дарындылығыңызға сенімді болып, тәуекел етсеңіз жетістікке жетесіз. Әрбір жұмысыңызға не жаңалығыңызға өзгелерді сендіре білу үшін алдымен өзіңіз сенуіңіз керек. Сол кезде өмірде өз орныңызды таба аласыз.
8.Денсаулық. Бұл – сәттіліктің кепілі. Сіздің өміріңіздегі ең құнды сыйлық, баға жетпес байлық – денсаулық. Денсаулыққа сіздің ішкі ойыңыз бен сөзіңіз де әсер етеді. Сол себепті үнемі жақсы сөз айтып жүру керек. Денсаулығыңыз үшін ақшаңыз бен уақытыңызды аямаңыз. Себебі уақыт пен ақша адамға ешқашан жетпейді.
9.Рахмет. Бұл сөзді әрбір адам күнделікті айтып жүруі тиіс. Үнемі өзгелерге алғыс айтып жүру сіздің күніңізді шуақты ете түседі. Ата-анаңызға, достарыңызға, күйеуіңізге жалпы айтқанда жаныңызға жақын адамға «Сенің бар болғаның үшін рахмет», — деп айту керемет сезім емес пе?
Дереккөз: http://reactor.inform.kz