«Табыс екі есе артты»: Еуразиялық банк 2021 жыл бойынша жеткен жетістіктерімен бөлісті

0
20033

«Адырна» ұлттық порталы Еуразиялық банкпен бірлесе қаржылық нарықтың негізгі бағыттарында басымдық берілген тұстарды атап өтті.

Еуразиялық банк 2021 жыл бойынша атқарған жұмыстарымен, сонымен қатар өткен жылмен салыстырғанда екі еселеген нәтижелерін ұсынды. Негізгі жетістіктері  бөлшек бизнесті цифрлық трансформациялау, корпоративтік секторды дамытуға қатысты айтылды. Бұл туралы толығырақ баспасөз конференциясында басқарма төрағасы Валентин Морозов және басқарма төрағасының қаржы блогы жөніндегі орынбасары Наталья Дружинина тарқатып берді.

Валентин Морозов жыл басы түрлі қиындықтар мен қаржылық сындарға толы болғанына қарамастан 2021 жыл жемісті аяқталғанын тілге тиек етті:

«Қазақстан нарығындағы банктер қорытынды жасай бастағанда, олардың барлығында жалпы картина өте жақсы көрінеді. Егер ҚР – дағы экономикалық жағдай туралы айтатын болсақ, ол жалпы алғанда тұрақты, ал қоғам мен бизнесті қолдау бойынша ұсынылатын мемлекеттік шараларға келсек, олар да ел мүддесі үшін тиімді жұмыстар атқарды, — деді ол сөзінде.

Сондай-ақ Валентин мырза, Еуразиялық банктің нарықтағы сараптама көшбасшысы болғандықтан, экономика салаларындағы клиенттерді банкке тартуға ден қоятынын атай кетті.

Ұсынылған есеп деректері клиенттердің қажеттіліктеріне бейімделуге және жедел жауап қатуға, тәуекел деңгейін қолайлы деңгейде ұстауға мүмкіндік бергенінің дәлелі болды.

Нарықтағы өзге де банктерден өзгешелігі жайлы:

«Олармен тығыз араласамыз, бір-біріміздің жұмыстарымызбен де таныспыз. Біздің жыл соңындағы екі есе табысымыздың бірден-бір себебі, біздің көп жұмыс істеп, аз жұмсауымызда» деді Валентин Морозов.

Нақтырақ айтар болсақ, табыс 2020 жылғы 6,7 млрд теңгемен салыстырғанда екі есе өсіп, 13 млрд теңгені құрады. Банк өкілдерінің айтуынша, бұл несие портфелінің 13%-ға өсуінің, транзакциялық кірістердің өсуіне баса назар аудара отырып, тәуекелдерді басқару тәжірибесін жетілдірудің арқасында мүмкін болды.

«2021 жылы цифрлық трансформацияға салынған инвестиция 371 миллион теңгені құрады. Оның 214 миллионы негізгі бағдарламалық-аппараттық жүйелерді жаңғыртуға инвестицияланды, бұл негізгі қосымшалардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ете отырып, маңызды қосымшалардың қолжетімділігін 99,8 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді», — деді Наталья Дружинина баспасөз конференциясында.

Банк рейтингі Moody’s шкаласы бойынша В2 және «тұрақты» деп бағаланды. Сонымен қатар халықаралық рейтинг агенттігі осыған қатысты: «Moodys рейтингінің расталуы банктің тұрақты дамуына қатысты үміттердің үдеден шыққанын көрсетеді. Ұзақ мерзімді рейтингтер бойынша тұрақты болжам жасағанда банктің жеткілікті капиталдануына берілген баға, орнықты кірістілігі және жоғары өтімділігі ескерілуі тиіс, бұл инфляцияның жоғарылауы мен бизнес жүргізу шарттарының қатаңдануы салдарынан активтер сапасының нашарлап кету ықтималдығы тәуекелін басқаруға мүмкіндік береді» деген түсіндірме берді.

Жаңа цифрлық өнімдер мен қызметтерді, соның ішінде тұрақты дамып келе жатқан Smartbank қосымшасын дамытуға жұмсалған инвестиция шамамен 157 миллион теңгені құрады. Трансформациямен жұмыс істейтін мамандардың жалақысына деген инвестиция да өсім тапты. Нақты деректер бойынша, цифрлық трансформация бойынша жұмыс істейтін әріптестердің еңбекақысына салынған инвестициялар 4% — ға артқан. Валентин Морозовтың бағалауы бойынша, процесс күрделі, ұзақ және қымбат революциялық жұмысты білдірмейді және кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.

Осының арқасында банктің барлық дерлік бөлшек өнімдері мен қызметтері цифрландырылды. Сондай-ақ сарапшылардың пікірінше, банк инфляцияның жоғарылауы мен бизнес жағдайларының қиындауына байланысты активтер сапасының ықтимал нашарлау тәуекелдерін басқара алады.

Капитал жеткіліктілігі жылдың қорытындысы бойынша 12,2%-ды құрады, бұл нормативтік талаптардан 3,7%-ға жоғары. Өтімділігі жоғары активтердің деңгейі жыл қорытындысы бойынша 49,5% құрады.

Сонымен қатар, 2022 жылдың алғашқы төрт турбулентті айында банктің пайдасы 17 млрд теңгені құрады, бұл Банктің күрделі сыртқы ортаға бейімделу қабілетін тағы да растайды.

 «Өзгерістер болатынын мен нақты білемін. Бұл өмір, әрқашан бір нәрсе болады: жаман нәрсе өздігінен болып жатса, ал жақсы дүниені біз жасауымыз керек. Бәрін болжау мүмкін емес, бірақ барлық нәрсеге дайын болу қажет, — деп түйіндеді Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Валентин Морозов.

Еуразиялық банк сонымен қоса, әлеуметтік акциялар мен мәселелерді шешуде жыл сайын белсенді ат салысып келе жатқанын айтты. Жыл сайынғы қаланы көгалдандыру, әлеуметтік жағдайы төмен немесе дертке шалдыққан балаларға көмек көрсету тұрғысынан биыл да өз мүмкіншіліктерін аянып қалмайтынын атай кетті.

Дина ЛИТПИН