Табиғи монополиялар саласына бақылау күшейтілмек
Фото: ашық дереккөзден
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы мақұлданды.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов аталған заң жобасы табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы жүйелендіруге, көрсетілетін қызметтерінің сапасы арттыруға, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Осы орайда министр аталған салада бақылауды күшейту үшін 2 жаңа институтты енгізуді ұсынды.
«Бірінші институт – тарифтік саясат жөніндегі кеңес. Ол монополисттердің инвестициялық бағдарламалар жобаларын қарастырып, табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметаларды, инвестициялық бағдарламаларды орындау туралы есептерін тыңдайды. Оның құрамына депутаттар, «Атамекен» палатасының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, тәуелсіз сарапшылар кіреді. Екінші институт – Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері. Бұл монополисттердің қызметтерін тұтынушылардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құрылатын коммерциялық емес ұйым», — деді ол.
Сонымен қатар Тимур Сүлейменов 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап монополисттердің тарифтерді бекітуге арналған өтінімдерін қарау және барлық тұтынушылар үшін материалдар мен тарифтердің есептеріне толық қолжетімділікті қамтамасыз етудің электрондық форматына ауысу маңызды екенін жеткізді.
«Министрлікте Е-монополист тиісті ақпараттық жүйесі ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілді. Осы база арқылы тұтынушылардың енгізген ұсыныстары кейіннен оларды жария тыңдауларда талқылаумен жүйелендіріледі», — деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі Мемлекет басшысы 2018 жылдың 7 қарашасындағы Қауіпсіздік кеңесінде «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын монополисттердің тариф белгілеу және инвестициялық міндеттемелерді орындау ашықтығын күшейтуді тапсырғанын атап өтіп, оны жүзеге асыру үшін аталған заң жобасына келесі нормаларды енгізуді ұсынды.
«Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң инвестициялық бағдарламаларды орындауына, қызметтің тиімділік көрсеткіштеріне, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа және сенімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуге техникалық сараптама жүргізу; табиғи монополиялар субъектiлерiнiң инвестициялық бағдарламаларды орындаудың қоғамдық мониторинг институтын енгізу; Қоғамдық бірлестіктердің табиғи монополиялар субъектiлерiнiң инвестициялық бағдарламалар жобаларын қарауға қатысу», — деді Сүлейменов.
Осы ретте министр заң жобасына тарифтік саясат жөніндегі кеңестің қоғамдық бірлестіктерді қаржыландыруға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру шарттарын келісу; табиғи монополиялар субъектiлерiнiң тұтынушылардың алдында тарифтік сметаларды және инвестициялық бағдарламалардың іс-шараларын орындауы туралы жыл сайынғы жария есептерді өткізуді жарты жылдық сайын ұйымдастыруды; субъектілердің өз интернет-ресурсында инвестициялық бағдарламалардың орындалу барысы туралы ақпаратты орналастыру; әкімдіктердің есепке алу құралдары жоқ тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын бекітуі кезінде жария тыңдаулар өткізу нормасын енгізуді ұсынды.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ