Сырым Әбдірахманов екі айға қамалды

0

Астаналық белсенді, тіркелмеген «Алаш» халықтық социал-демократиялық партиясының жетекшісі Сырым Әбдірахманов екі айға қамалды. Бұл жайлы Азаттық тілшісіне оның адвокаты Төлеген Шаиков хабарлады.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Астана полициясы төрт бап бойынша партия жетекшісінің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Арыздың біреуін астаналық шенеуніктердің бірі түсірген.

— Төрт бап бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұлар: 274-бап, 1-бөлім («Көрінеу жалған ақпарат тарату»), 380-бап, 3-бөлім, 1-пункт («Билік өкіліне қатысты күш қолдану»), 407-бап, 2-бөлім («Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау»), 378-бап, 1-бөлім, 1-пункт («Билік өкілін қорлау»), — дейді Төлеген Шаиков Азаттық тілшісіне.

Астана қалалық тергеу соты Сырым Әбдірахмановтың екі айға қамалғанын растады. Соттың баспасөз хатшысы Ботагөз Баянованың айтуынша, қорғау тарабы аппеляцияға шағым түсірген. Бірақ шешімнің қашан шығатыны белгісіз.

Әріптестерінің айтуынша, жаза тағайындау бойынша сот отырысы 1 желтоқсанда Астана қалалық тергеу сотында өткен. Бірақ оған адвокаты мен қоғамдық қорғаушысынан басқа ешкімді қатыстырмады. Партия хатшысы Әділет Ғабдулла «соттың еш мүмкіндік берместен оны бірден қамап тастағаны түсініксіз болып қалды» дейді.

Астаналық белсенді Сырым Әбдірахманов. Сурет Facebook-тағы парақшасынан алынған

Астаналық белсенді Сырым Әбдірахманов. Сурет Facebook-тағы парақшасынан алынған

Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Әбдірахмановқа қатысты «сотқа дейінгі тергеу амалдары» жүріп жатқанын айтып, сәл кейінірек толық ақпарат тарататынын айтты.

Әбдірахманов қамалған соң интернетте президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап жазылған хат пайда болды. Онда партия өкілдері «жемқорлық жайлы ашық айтып жүрген» Әбдірахмановтың соңғы бірнеше айда «бірнеше рет заңсыз ұсталғанын» айтып, «қуғынға ұшырағанын» баяндаған. Хат авторлары оны қуғындауды тоқтатып, босатуды талап еткен.

Бұған дейін жергілікті басылымдар Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошунның Сырым Әбдірахмановтың үстінен полицияға арыз түсіргенін хабарлаған. Шенеунік блогерді өзіне қатысты “жалған ақпарат таратты” деп айыптаған еді. Сейсенбі күні Азаттық тілшісі Астана қалалық әкімдігіне хабарласқанымен, тиісті жауап ала алмады.

Қоғамдық пікір туғызатын оқиғалардың ортасында жүретін Сырым Әбдірахманов 2017 жылы «Алаш» партиясының құрылатынын мәлімдеп, көпке танымал бола бастаған. Ол кезде көп адам оны «биліктің жасанды жобасы» деп сынаған еді. Ал Әбдірахманов «Алаш» қозғалысы әлдекімдер айыптайтындай «билік тапсырмасымен құрылатын партия емес, халықтың ішінен шығатын партия» деп айыптауларды жоққа шығарған. Нұр-Отан» партиясының бұрынғы мүшесі 36 жастағы белсенді саясатта «қажет болса, билікпен де жұмыс істесу керек» деген көзқарас ұстанады.

Партия өкілдерінің айтуынша, «Алаш» партиясы әзірге, елде ресми түрде тіркелмеген. Оның шамамен бес мың жақтаушысы бар.

Дереккөз: Азаттық