«Сырттан жаман көрінеді»: Алтынай Жорабаева мобилографпен жүретін әріптестерін сынады
“Құрмет” орденінің иегері, әнші Алтынай Жорабаева жиын-тойға мобилографпен баратын әріптестеріне ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі мобилографтардың іс-әрекеті сырттан ерсі көрінетінін айтты.
“Осы мобилографпен жүретін жандар, шектен шықпаңыздаршы, өтініш! Құран оқитын жерге де, тойға да мобилограф келеді. Қонаққа барған сәтіңнен бастап, сыйлық бергеніңе дейін түсіреді. Жаман көрінеді екен, рас айтам. Инстаграмға салып, халыққа көрсеткенде білінбейді. Бірақ сіздер солай мобилографпен кіріп келгенде, сырттан жаман көрінеді. Тек келгеніңді көрсету үшін сияқты болып қалады. Тіпті, арнайы блогердің іс-шарасы болса да, мейлі. Жарайды, жұмысыңыз бен өнеріңізді жасаңыз. Бірақ шектен шықпауы керек. Артық айтсам, кешірім сұраймын”, – деп жазды өнер иесі.
- Айта кетейік, блогер, продюсер Мөлдір Мұқанова да тойға еріп баратын мобилографтарды сынаған еді.
“Той мәдениеті және мобилограф мәдениеті деген ой біразыңыздың көкейіңізде жүрген де болар. Жаз айлары – той маусымы. Дәулет Мұқаев досымның “қалтаңа қарай көсіліп той жаса” деп үндеу жасап жүргенімен, балам қатарынан кем болмасын немесе біреудің тойының деңгейінен қалғымыз келмей, үлкен қаржы жұмсап, той жасаймыз. Айтайын дегенім, мобилографтарымен баратын блогер қонақтар, немесе телефонға видеоға түсіретін қонақтар, той залында отырған басқа да қонақтарға кедергі келтіріп, тұрып алады. Одан қалса сахнада тұрған адамды жауып, қонақтарға той көрсетпейді. Сіздерге айтарым, сахна жақты жаппасаңыздар екен. Әдемі әншіні, басқа да әдемі көріністерді қонақтардың барлығы көріп, көңіл-күйлері жайлы болып отырғаны тамаша ғой. Түсінемін, менің де мобилографым бар, маған да әдемі кадрлар керек. Бірақ біреудің ақысына кірмеуіміз керек”, – деген ой тастаған болатын продюсер.