Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Сингапурдағы Елшісінің брифингі өтті
Іс-шара барысында Ү. Сүлеймен Қазақстан мен Сингапур арасындағы қарым-қатынастарының ахуалы мен перспективалары туралы әңгімелеп, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық деңгейі екіжақты күн тәртібінің барлық спектрі бойынша қарым-қатынасты одан әрі тереңдете түсу үшін елеулі әлеует бар екенін айрықша атап өтті.
Бүгінгі таңда Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып танылады. Қазақстанда өндіріс, сауда, ИКТ, құрылыс және қаржы саласындағы 100-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
2018 жылы Қазақстан мен Сингапур екі жақты қарым-қатынастарының 25 жылдығын атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тамаша нәтижелерін көрсетті. Осылайша, 2018 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында екіжақты тауар айналымы 402,9 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2017 жылдың атап өтілген кезеңіндегі деңгейінен 5,5 есеге жоғары. Қазақстаннан экспорт көлемі 8 есеге артып, атап өтілген кезеңде 372,6 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл деректер екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың зор әлеуетін көрсетеді.
Қазақстандық дипломат Сингапурлық тәжірибе біздің Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап және одан бұрын Қазақстан үшін үлкен қызығушылық туғызғандығы туралы атап өтті. Заманауи Сингапурдың негізін қалаушы, бірінші Премьер-Министрі Ли Куан Ю мырза 1991 жылдың қыркүйегінде, Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін үш ай бұрын, Алматы және Шымкент қалаларына сапар жасаған болатын. Жоғары деңгейде жақын достық байланыс орнатылды. 1996 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сингапурға жасаған ресми сапары және 2003 жылы мемлекеттік сапары тек жоғарғы деңгейде ғана емес, сонымен қатар екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды да нығайта алды.
Екі мемлекет халықаралық аренадағы өзара бастамаларын қолдауға тырысады.
2018 жылғы 20-21 қарашада өткен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Сингапурға жұмыс сапары шеңберінде Қазақстандық-сингапурлық бизнес-форумы ұйымдастырылып, оған екі елдің іскерлік топтарының 500-ден астам өкілі, мемлекеттік органдары мен ұлттық компанияларының басшылары қатысты.
Сапардың маңызды нәтижелерінің қатарында үкіметаралық инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы, дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімдері, сондай-ақ ИКТ және қаржылық технологиялар, құрылыс, білім, мұнай-химия және тамақ өнеркәсібі салаларында екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған басқа да құжаттарға қол қою орын алды.
Қазақстан мен Сингапур арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын қорытындылай келе, Ү. Сүлеймен екі ел арасындағы қарым-қатынастар шарықтау шыңына көтерілу кезеңін бастан кешіруде. Сингапур саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы өзара ынтымақтастық үшін ашық. Сингапурдың ғылыми-зерттеу институттары мен компаниялары, екі елдің қарым-қатынастарының барлық кезеңдерінде сияқты, озық тәжірибелер мен технологияларды бөлісуге дайын.
Сонымен қатар Елші Қазақстанның Жаңа Зеландиямен ынтымақтастығы жөнінде айтып берді. Бұл дамыған елмен қарым-қатынастарды орнату бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүзеге асырылуда. Соңғы маңызды нәтижелер ретінде Ү. Сүлеймен ү.ж. қазан айының соңында Жаңа Зеландияның Веллингтон және Окленд қалаларына жасаған жұмыс сапарының қорытындыларын ұсынды.
Елші Жаңа Зеландияның тәжірибесі Қазақстан үшін өте пайдалы екеніне сенім білдірді. Жаңа Зеландия Сыртқы істер министрлігі ірі қазақстандық компанияларға 2019 жылдың 12-15 маусымында Гамильтон қаласында Азия-Тынық мұхиты елдерінің сауда палаталарының өкілдерінің қатысуымен өтетін «Fieldays» конференциясына қатысуға шақыру хаттарын жіберген болатын. Конференция Жаңа Зеландияның өнеркәсіптегі жетістіктерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы технологиялары мен инновацияларын паш етудің ірі алаңы болып табылады.
Дереккөз: http://egemen.kz/