СЫРДЫҢ СҰЛУ АҚЫН ҚЫЗЫНЫҢ ӘДЕБИ КЕШІ 

0

Ғазиза Әбілда әлеуметтік желінің белсенді қолоданушысы. Оқырмандары оның үнемі өмір жайлы философиялық толғамдары мен өлеңдерін, өзге адамдардың жазғандарына білдірген байсалды пікірлерін қадағалап оқиды. Оларға Ғазизаның ойын салмақты жеткізе алатыны,мәдениеттілігі мен қарапайымдылығы, кеңдігі, үнемі жақсы бағытта пікір білдіргені ұнайды. Өлеңдеріндегі сипатталған өмір болмысы, әйел нәзіктігі, ішкі толғанысы ұнайды.

Сонымен бірге Сыр жұршылығына оның шығармашылыққа адалдығы, көпшілдігі, қанағатшылдығы, кішіге құрмет көрсете алатындығы да мәлім.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Гуманитарлық-педагогикалық институты Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының жанындағы «Ә.Қоңыратбаев атындағы әдебиет үйірмесі» және университеттің кітапхана ұжымы мен облыстық рухани жаңғыру орталығының ұйымдастыруымен  көпшілікке рухани азық сыйлаған «Ғашықпын гүл оранған көктеміме» тақырыбында керемет кеш өтті.

Кештің кейіпкері – Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, сыршыл ақын, журналист Ғазиза Әбілда. Рухани азық деп отырғанымыз кеш барысында ақынның өзіндік қолтаңбасын айшықтаған аға оқытушы, ф.ғ.к. Г.Оралованың ғылыми баяндамасынан танымдық білім алдық. Лирикалық шығармаларын жастар жарыса оқыды, әсем әуенді әндер орындалды. Ашық, еркін пікіралмасу болды. Мен шамам келгенше сыршыл ақын қыздың журналистік туындылары мен жазу шеберлігін, аудандық газетте қызмет еткен кезеңдегі шығармашылық ізденісін, сұхбаттарының ерекшеліктерін көрсетуге тырыстым.
Журналистика – өзгеше әлем. Ақпараттық орта өзгергенімен, журналистиканың құндылықтары сол күйінде қалды. Халықтың көзқарасын, белсенді өмірлік бағытын қалыптастырып, тәрбиелеудегі журналистиканың жүгі қашан да ауыр. Осы ауырлықты көтеруге көркем мінез, қайсарлық, білімділік, еңбекқорлық керек.

Кафедра жанында сонымен бірге «Журналист» үйірмесі де бар. Болашақ журналистер үшін теориямен қатар практикалық шеберлікті де үйренудің маңызы зор. Ол үшін әрине, Ғазиза сияқты практик журналистердің өмірден көргені мен түйгенін естіп, публицистік туындыларымен танысып көрудің ұшан-теңіз пайдасы тағы бар. Кеш соңында журналист Ғ.Әбілда мен мерзімді басылымның таусылмайтын тауқыметін көтеретін «Ақмешіт апталығы» басылымының жауапты хатшысы Г.Қожахметоваға шеберлік сағатын өткізу туралы қолқа салдық. Сұхбат алу, ақпаратты назар аударарлықтай бере білу, тақырып қою, газет бетіндегі маңызды ақпараттарды орналастыру реттілігін сақтау, жалпы жас журналистерге тәрбие болатындай көптеген мәселелер бойынша бұл азаматшалардың берері мол екендігі даусыз.

Кешке арнайы апасына қолдау көрсетуге келген аяулы ақын қызымыз Асылзат Арыстанбекке, Ғазизаның шәкірттері, біздің түлектеріміз Гүлмира Ділдәбековаға, Мөлдір Снадинқызына және кафедраның аға буын өкілдері ұлағатты ұстаздар Рахия Мәнсұрқызы мен Шанжархан Бекмағамбетовке алғыс айтамыз. Айтарларыңыз бен жазарларыңыз таусылмасын, ұрпақтарыңыз ризашылықтарын үнемі білдіріп жүретіндей үлгілі болыңыздар дегіміз келеді.

Аягөз Қожамырзақызы Абдразахова

«Журналист» үйірмесінің жетекшісі

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз