Сын естіген Смайылов «шешім қабылдай алмайтын» министрлерден орнын босатуды талап етті

0

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында министрлер шешім қабылдауда батылдық таныту керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Премьер-министрдің пайымынша, Үкімет жұмысының тиімділігін ең алдымен қарапайым халық сезінуі керек. Сол үшін Үкімет мүшелерінен шешім қабылдауда батылдық таныту талап етіліп отыр.

«Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал «қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын» деген әріптестеріміз қазірден орнын босатсын. Орындарыңызға басқа адамдар келеді. Халыққа шын жаны ашитын, мойнына жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмысты жалғастырамыз. Сонда көздеген мақсатқа жетуге болады», — деді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетсек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа сұрақ қойып, шынайы жауап алғысы келетінін айтқан еді.

«Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу. Бұл – Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма?» — деп сұрады президент премьерден.