“Сыйлық та бермеймін, телефон да шалмаймын“- Өнердегі азаматтар сүйгеніне не сыйлайды?

0

Мереке қарсаңында көше-көшенің гүл базарға айналары анық. Осы ретте табысы тәуір өнердегі азаматтар анасы мен жұбайына қандай сыйлық әзірлейді екен? Nege.kz тілшілері сұрап көрді.

Ерлан КӨКЕЕВ, әнші:

Курьер арқылы гүл жібертемін

Құдайға шүкір, жыл сайын анам, жұбайым және үш қызымды құттықтаймын. Бірақ, өкінішке қарай, қазір шығармашылық сапарда жүрмін.

Қазір бір жақсысы – қашықтан қалаған сыйлықты жібере беретін болдық қой. Сол себепті курьер арқылы гүл жібертемін. Ал сыйлықты өзіммен бірге алып келіп, көзбе-көз табыстаймын.

Дегенмен, өз басым анам мен жарымды мерекеден өзге күнде де қуантып отыруға тырысамын. Мысалы, барған жерімнен кәде ала келемін. Өткенде ғана ешқандай мерекеге қарамастан жұбайыма жарты түнде 110 раушан гүлін апарып бердім. «Бұл ненің құрметіне?» деп таң қалды. Барлығы адам баласының көңіліне байланысты ғой. Әйел адамға үнемі тамаша көңіл-күй сыйлап отыру қажет. Сонда отбасында әрдайым шаттық пен бақыт болады.

Құдайберген БЕКІШ, әнші:

Әйелім ешқашан сыйлық сұраған емес

Жұбайыммен бірге тұрып жатқаныма қырық жыл болды. Осы жылдар ішінде сый-сияпатсыз қалдырған кезім болған емес. Көзі тірісінде анамды және әпкелерімді құттықтайтын едім.

Мысалы, мектеп кезінде жалданып жұмыс істеп, анамды қуантуға тырысатынмын. Есімде қалғаны бірде жүк тасушы болып жұмыс істеп, табысыма сол кезде екінің бірінің қолы жете бермейтін «Быть может» атты иіссу алып бердім. Марқұм анамның сол кезде қуанғаны әлі көз алдымда. Екі жыл сепкен шығар. Ол біткен соң да исі кетпейді деп қалтасына салып жүретін. Ал әпкеме халат алып беріп қуанттым.

Бір 8 наурызда әйелімді таңнан оятып алып: «Тұр, жинал, кеттік!», – дедім. Ол қайдалап қарап тұр. Сөйтіп, апыл-ғұпыл жиналтып, аэропортқа барып, ары қарай Египетке тарттық. Ол «Балалар аман ба? Не болды?» деп жеткенше зәре-құты қалмады.

Енді биыл ол кісі Түркияда демалып жатыр. Айтпай барып, осы мерекеде тағы тосынсый жасасам деп отырмын. Бір жақсы иіссу, он келі ет, бір келі сары май мен сөк алып қойдым. Негізі менің әйелім «не бересің?» деп, ешқашан сыйлық сұраған емес. Өте салмақты адам.

Айдар ТҰРҒАМБЕК, әнші:

Сыйлық та бермеймін, телефон да шалмаймын

Белгілі бір күнді ғана күтпей, анам мен жарымды әркез қуантып отыруға тырысамын. Ал дәл қазіргі таңда шығармашылық сапарда жүрмін. «Жігіттер» квартетінің 20 жылдығына орай ел өңірлерін аралап, концерт беріп жүрген жайымыз бар.

Шынымды айтсам, мерекеде сыйлық та бермеймін, телефон да шалмаймын. Бізде ұстаным сондай. Айтып отырғанымдай, анамыз үнемі сыйлық алып, жақсы тілек естуге лайық адам. Ол үшін бір күнді күтіп отырудың қажеті жоқ.

Қобыланды БОЛАТ, актер:

Бұйыртқанын көреміз

Шынымды айтсам, дәл қазір сыйлық ойлайтын мұршам болмай жатыр.

Дегенмен, мерекеде анамыз бен жарымызды құттықтаймыз. Мұның алдында жарыма гауһар жүзік алып берген едім. Биыл, бұйыртқанын көреміз.