Сыйақыға 3 800 теңге берген қытайлық компания маңғыстаулықтардың ашуын келтірді

0
2542

Маңғыстауда қытайлық компаниядағы қазақстандық мұнайшылар адал ақымыз әділ төленсін деп талап етіп жатыр. Шу шығарған жұмысшылардың сөзінше еңбекақылары жылдан жылға азайып барады. Сыйақының да сиқы қалмапты. Білдей бұрғылау компаниясы 13-ші жалақы есебінде 3800 теңге аударыпты. «Мазақ етті» деп ашынған жүздеген мұнайшы компания алдына жиналып, наразылық білдірді, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Маңғыстау облысындағы «СИ-БУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысшылары еңбекақымыз бен сыйақымызды әділ төлесін дейді. Сөздерінше, бұл мәселе көп жылдан бері айтылып келеді. Бірақ басшылар құлақ аспаған. Жұмысшылардың сөзінше жалақылары жылдан жылға азайып барады. Тіпті жылдық сыйақыға 3800 теңге түсті деп ашынып отыр.

«Сыйақымызды дұрыс бермейді. Айлығымыздың өспегеніне 2-3 жылдан кетті. Окладымызды көтеруін талап етеміз. Ақшамызды дұрыстап төлеуін талап етеміз», – дейді жұмысшы Қайрат Мұхаммедияров.

«Мекемеден ішкі тараптан кеше ватсап арқылы аудио тарады. «Жиналмаңдар, іштен дөңгелек үстел арқылы отырып шешеміз» деп. Бұған ешқайсысы келіспейді. Бұл дөңгелек үстелге біз 10 рет кіріп шыққанбыз. Ешбір уәде орындалған емес. Ештеңе шешілмейді. Біздің талабымыз он үшінші айлықты бұрынғы айлықпен бүгін-ертең түсіру, профсоюз айтқан талаптарды орындауды талап етеміз», – дейді тағы бір жұмысшы Ғадылбек Нұрниязов. 

Сонымен қатар карантин кезінде жұмыссыз қалған жұмысшыларға да өтемақы төленбепті. Тек еңбекті қорғау инспекциясына  шағымдану арқылы ғана өндіріп алыпты. Ал еңбек инспекторларының сөзінше сыйақы төлеу жұмыс берушінің өз еркінде. Алайда бұл компаниядағы жұмысшылардың еңбекақысы сыйақысыз 100 мың теңгеге де жетпейді екен. Компания басшылары  болса мұнай бағасының төмендеуі табысқа әсер етті, тіпті, пандемияның салдарынан маска мен қолғапқа да көп шығындалдық деп ақталып отыр.

«Қазір мекеменің жағдайы қиын. Өндірістік материалдар алған компанияларға  да қарызбыз. Еңбекақыларды айма-ай төлеп отырмыз. Жұмысшылардың алдын ала ескертпей шу шығаруы дұрыс емес. Қағаз түрінде шағымдарын жеткізу керек еді. Кәсіподақ пен бірнеше жұмысшымен отырып, бұл мәселені талқылайық», – деді «XIBU» инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС директорының уақытша міндетін атқарушы Ли У Цы.  

Дегенмен басшылық мұнайшылар талабын орындауға нақты уәде бермеді. Айтуларынша  «СИ-БУ» компаниясының Қызылорда мен Ақтөбедегі филиалдарында сыйақы,тіпті, аз көрінеді. Ал жұмысшылар мұны аяқсыз қалдырмаймыз дейді. Бұған жергілікті атқарушы органдардың да араласуын сұрайды.