Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдени соққы жасалды

0
112

Бір қызығы бұл шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ұйымдастырып отыр. «Өйткені М.Байджиевтің қаламынан шыққан бұл қойылым сюжеті қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және заң шеңберінде ғана емес, моральді тұрғыда жемқорлықтың шынайы келбетін ашуға бағытталған» дейді департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Б.Исақов. Сондықтан да қойылым алдында Болат Исақов Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Агенттік жүзеге асырып жатқан «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасының және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының маңыздылығы жайлы айтып, мемлекеттік қызметшілерді мәдени іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Күлкісі мен күйініші қатар түсіп жататын қойылымда өмірдегі оқиғалар көрініс тапқан. Қарапайым мектеп мұғалімі Күрішбек үлгерімі нашар оқушыға көтеріңкі баға қою үшін пара алудан бас тартса, спектаклдің финалында адал ұстазға оның ең жақын жандары, отбасы қарсы шығып, қылмысқа тартпақ болады. Қазіргі қазақ қоғамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шығу, онымен күресу қиындығы шынайы көрсетілген. Осы қойылымға арнайы шақырылған мемлекеттік органдардың, құқық қорғау жүйесінің қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер театрдан тың ой түйіп кеткені анық.

«Біз мемлекеттік қызметкерлерді қоғам дертін әшкерелейтін осындай спектакльдерге шақыру арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеміз. Сыбайлас жемқорлыққа қоғам болып қарсы тұру – бірлік пен тұрақтылықтың кепілі болмақ» дейді шараны ұйымдастырушылар.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»