«Сұрқай һәм сүреңсіз науқан». Сайлау жарнамасы жайлы пікірлер

0

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауының үгіт-насихат науқаны жалғасып жатыр. Мамырдың 11-і күні кешкісін басталған науқан аясында президенттікке жеті кандидатқа сайлау парақшалары мен баннерлерін шығарып, қала көшелеріне плакаттар мен билбордтар ілу құқығы берілген. Кей кандидаттарды қолдауға арналған үгіт-насихат өнімдері қала көшесінде бірден көзге түссе, кейбірінікін табу үшін біраз уақыт жұмсап, іздеуге тура келді.

ҚАЛА ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ҮШ БИЛБОРД

Алматының орталығындағы Достық және Қонаев көшелерінің қиылысында бірінен соң бірі тіз қатар үш билборд қойылған. Оларда Қазақстан коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков (ұраны – «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!»), «Ақ жол» партиясы атынан сайлауға түскен Дания Еспаева (ұраны – «Жетістікке жетуге ұмтылыс») және «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы ұсынған Әміржан Қосанов бейнеленген. Қосановтың билбордында «Ұлт тағдыры – ұлттық құндылықтар» деп жазылған. Азаттық тілшісі осы үгіт-насихат материалдарын суретке түсіріп жатқан кезде көшеде жүргіншілер кездеспеді.

Абай даңғылы бойында кандидат Амангелді Таспиховтың «Жұмыс істейтін уақыт» ұраны жазылған билборды ағаш жапырақтарының тасасында қалғандықтан көзге бірден түспейді. Сайлауға Қазақстан кәсіподақтар федерациясы атынан қатысып жатқан Таспихов сайлауалды бағдарламасында азаматтарға қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз етіп, жалақыны көтеруге уәде береді. Бұға қоса ол шетелге қашқан миллиардерлер капиталын Қазақстанға қайтарғысы келеді.

Абай дағылында «Ауыл» партиясының кандидаты Төлеутай Рақымбеков бейнеленген билборд та кездеседі (даңғыл бойында кемі екі билборды бар). Аграрлық сала бойынша жоғарғы білімі бар Рақымбеков бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығын дамыту, дәстүрлі құндылықтарды сақтау және жастармен (әсіресе ауыл жастары) белсенді жұмыс істеу туралы ұсыныстар айтып жүр.

Желтоқсан және Құрманғазы көшелерінің қиылысына кандидат Сәдібек Түгелдің билборды қойылған. Билбордтағы қою күлгін түс басқа кандидаттардың плакаттарынан ерекшеленіп тұр. «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігінен сайлауға қатысып жатқан Түгел сайлауалды бағдарламасында Қазақстандағы кен орындарынан түскен шетелдік активтерді мемлекет меншігіне өткізуді ұсынады. Әр қазақстандыққа пайдалы қазбадан түсетін табыстан ақша аударуды мақсат еткен кандидат жаппай жұмыссыздықпен күресті қолға алуға уәде береді.

Кандитаттың тегіндегі «в» әрпінің орнына қызыл түсті таңдау белгісі қойылған «ТоқаеV» деген жазу Алматы көшелерінде жиі ұшырасады. Қазіргі президентке дауыс беруге шақыратын үндеулер біресе LED экраннан, біресе көпқабатты үй қабырғасына ілінген плакаттан көзге түссе, енді бірде күтпеген жерден тұрғын үйдің салтақ-салтақ қабырғасынан шыға келеді.

Тоқаевтың үгіт-насихат материалдарын суретке түсіріп жүрген Азаттық тілшісіне аялдамада тұрған әйел:

– Неге Тоқаевтың плакаты әр қадам сайын кездеседі, ал басқа кандидаттар туралы ақпарат аз? Біз олардың кім екенін және қайдан келгендерін де білмейміз ғой, – деген сұрақ қойды.

– Ал сіз кімге дауыс бересіз?

– Тасмағамбетовке.

– Ол сайлауға түскен жоқ қой.

– Сайлауға түссе, дауыс берер едім. Ал мыналарға, – ол парақшалар жаққа нұсқады, – дауыс бермеймін.

«ЖҰМЫС ІСТЕУ КЕРЕК»

Азаттық үгіт-насихат материалдарын Қазақстандағы жағдаймен жақсы таныс украиналық саясаттанушы және саяси технолог Александр Кочетковпен талқылап көрді.

– Ең көзге ашық ресмилік көзге ілінеді. Бұл үгіт-насихат материалдарының безендірілуі мен мазмұнына қатысты. Барлығы белгілі бір стандартқа сай жасалғанға ұқсайды. Кандидаттар жұмысы бағытталатын электоралды алаңды елестетсек, президенттіктен үміткерлер өзара келісіп, әркім өзінің мақсатты аудиториясын таңдап алып, соған сай жұмыс жүргізіп отырғандай көрінеді. Мысалы, [экс-президент] Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтын Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне дейінгі жетістіктерге назар аударып, сол даму жолын жалғастыратынына меңзеп отыр. Амангелді Таспихов кәсіподақтар құндылығы туралы айтып, жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейткісі келетінін мәлімдейді. Сіздердегі шартты оппозиционер Әміржан Қосанов либералды құндылықтар мен митингілердің еркіндігі туралы аз ғана үміт береді. Бірақ оның үндеуін ашып түсіндірмесе, ешкім мағынасын өздігінен ешқашан ұға алмайды, – дейді саяси технолог.

Кочетковтың айтуынша, кандидаттардың барлығы үгіт-насихат материалдарында азаматтарды көп, адал әрі талмай еңбек етуге шақырып отыр.

– Олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтары туралы айтпағанымен, міндеттер туралы еске салуды ұмытпаған. Бұл кәсіподақ, либералдар мен ауылды көтергісі келетіндердің бәріне ортақ мәселе. Кей кандидаттар жұмыстың адал атқарылуын бақылауға уәде беріп отыр. Алдыңғы президенттің саясатын жалғастыру, жұмысшылар құқығын қорғау не бұрынғы тұрақтылық пен әлеуметтік қамсыздандыруды қайтару болсын, кандидаттардың қай ұсынысын алсақ та, олардың рационалды сипатқа ие екенін көреміз. Бәрі адамдардың санасына ықпал еткісі келеді. Украинада сайлаушы сезіміне, эмоциясына әсер етіп, оның жүрегіне жол табуға тырысады. Сондай-ақ бізде кандидаттар креативті болуға, бір-бірінен ерекшеленуге күш салды. Қазақстандық үміткерлердің өздеріне ондай мақсат қойғаны байқалмайды, – дейді ол.

Александр Кочетковтың пікірінше, сайлауалды тартыс ресми шарттылық сияқты көрінеді.

– Құпия Орталық сайлау комиссиясында алдын-ала бәрін бөліп қойған. Нәтиже түсінікті, сондықтан үгіт-насихат жүргізу аса маңызды емес. Кандидаттар сайлауалды науқанын бірқалыпты, аса үлкен күш жұмсамай өткізіп, өздеріне белгіленген электоралды алаңмен ғана жұмыс істеуге тырысып жатыр, – дейді саяси технолог.

«ЖЕҢІМПАЗЫ АЛДЫН АЛА БЕЛГІЛІ САЙЛАУ»

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, 2019 жылғы сайлауалды науқанның бұған дейінгілерден бір ғана айырмашылығы бар – биылғы сайлауға Нұрсұлтан Назарбаев қатыспайды.

– Жеңімпаз алдын ала белгілі болғанда, қызу жұмыс жүріп жатқандай әсер қалдыратын саяси спектакльге қарап не ішің пысады, не жүрегің айнийды. Қазір билікке жақын сарапшылардың саяси технологияларды мұқият талдап отырмыз деген материалдарын оқыдым. Шын мәнінде онда талдайтын да ештеңе жоқ. Қазақстандағы қазіргі сайлаудың бұрынғылардан еш ерекшелігі жоқ. Бұл сұрқай үгіт-насихат материалдарынан және сүреңсіз сайлауалды мәлімдемелерден көрінеді. Жеңу мүмкіндігі анық кандидаттың жанында басқаларына электоратпен жұмыс істеп, қиналудың қажеті қанша? Олар өздеріне көпшілік рөлі берілгенін жақсы біледі.

Сәтпаев үгіт-насихат материалдары электорат үшін емес, сайлау ережелерін сақтау үшін жасалғанын айтады. Оның пікірінше, үгіт-насихат материалдары заң бойынша өткізілуі керек сайлауалды науқанға бюджеттен бөлінген қаржыны игеру үшін ғана жасалған сияқты.

– Маған жақында парламент сайлауы өткен Финляндияның үгіт-насихат материалдарын сыйлады. Ол елде сайлау шынайы, аса тартысты өтеді. Үгіт-насихат материалдарының формасы мен түстер гаммасы әртүрлі, ұрандары қысқа әрі түсінікті, суретте күлімдеген кандидаттардың электоратқа ұнағысы, өздері жаңа толқын екеніне сендіргісі келетіні көрініп тұр. Біздің стендтердегі көңілсіз бейнелермен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Үгіт-насихат материалдарына қарап, ол елде қандай саяси жүйе жұмыс істейтінін түсінуге болады, – дейді саясаттанушы.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз