Суреттен сәбидің басы шығып келе жатқанын көрген: Тоғыз ай бойы жүкті екенін сезбеген қыз аяқ астынан босанып қалды — Қазақстан жаңалықтары
Тоғыз ай бойы жүкті екенін байқамаған Лондон тұрғыны аяқ астынан босанып қалды.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
24 жастағы Шарлотта Дюбардтың 9 ай бойы етеккірі келіп, артық салмақ қосылмаған. Сондықтан жүктілік туралы ой оның үш ұйықтаса түсіне кірмеген.
«Үнемі тәтті жегім келетін. Сонымен қатар аяғым ауырып, бір апта жұмысқа бара алмадым», — дейді Шарлотта.
Шарлотта 9 ай бойы жүктілікке қарсы дәрі ішіп, шылым шегіп, ішімдік ішіп, кейде 14 сағаттап жұмыс істеген. Оның толғағы қысқанда, бастапқыда мән бермепті.
«Кешке ішім ауыра бастады. Бірақ соншалықты қатты ауырған жоқ. Ертесі күні ішім бір ауырып, бір басылып тұрды», — дейді Дюбард.
Әйел төменгі жағы қатты ауырғандықтан, не болып жатқанын түсіну үшін ұялы телефонның камерасы арқылы суретке түсіріпті. Сол кезде ол сәбидің басы шығып келе жатқанын байқаған. Есі шыққан қыз бірден ваннаға жүгіріп, сол жерде босанып қалады. Тырнаққа арналған қайшының көмегімен нәрестенің кіндігін кескен ол жігітіне хабарласып, тезірек келуін сұрапты. Бастапқыда жігіті нәрестенің өз балалары екеніне сене алмай, сүйіктісі оны көшеден тауып алды деп ойлаған.
Дәрігерлер жаңа туған нәрестені тексеріп, оның дені сау екенін айтты.
«Акушерлер менен кіндікті кесуді қайдан үйреніп алғанымды сұрады. Себебі оны басқаша жасау өте қауіпті екен. Оны қалай кескенімді білмеймін. Түйсігім көмектескен болар», — дейді жас ана.
stan.kz