«Суреттегі қолға қарап, кінәлі деп тапты»: Қыз зорлады деп сотталған жігіттің анасы ұлының кінәсіздігін дәлелдемек — Қазақстан жаңалықтары

0

Жамбыл облысында қыз зорлады деп айыпталып, 16 жасында 7,5 жылға сотталған Бегзод Тошпулатов 2 жал жазасын өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан еді. Ендігі ол өзінің жазықсыз екенін дәлелдемек. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Бегзод бостандыққа шығып, туыстарымен қауышқаннан кейін өмір сүруге деген құштарлығы арта түскенін айтады. Оның сөзінше, әлі үш жыл бойы 10 күн сайын ішкі істер органдарына барып, белгіленіп тұруы қажет. Жеткіншек кезінен түрмеге қамалған жігіт қалай болса да жазықсыз екенін дәлелдеуге ниетті. Ол үшін заңгер мамандығына оқуды да жоспарлап қойыпты.

«Оқуымды жалғастырайын десем, ректор рұқсат бермеді. Заңгер мамандығына түссем деген шешім қабылдадым. Жазықсыз жаза арқалаған елге қол ұшымды берсем деймін», — дейді Бегзод Тошпулатов. 

Ал Бегзодтың анасы ұлымның жазықсыз екенін дәлелдеу үшін барымды саламын дейді. Айтуынша, баласының осы оқиға кезінде аяғында гипс болған. Алайда бұл дәйекті сот назарға алмапты. Тіпті, сотта ұсынылған сараптамаларда да сәйкеспеушіліктер болды, деп отыр.

«Шымкентте жасалған сараптамада әлгі жәбірленуші болса, екіншісі мүлдем басқа адам. Оның атын атай алмаймын. Алайда ол мүлдем басқа сараптама. Біз баламыздың кінәсіз екенін дәлелдей алатынымызға сендік. Себебі оны екі суретке қарап, кінәлі деп тапты. Ол суреттерде күдіктінің не түрі, Бегзод екенін айғақтайтын ешбір дәлел болған жоқ. Онда ересек адамның қолы ғана көрініп тұр», — дейді Бегзодтың анасы Неля Тошпулатова.

Анасы ұлының кінәсіздігін дәлелдеу үшін Жоғарғы сотқа өтініш жазып, тәуелсіз сараптама жасатпақ.

Еске сала кетсек, Тошпулатовтың кәмелетке толмаған жасында сотталуы қоғамда дау тудырған еді. Ол 2018 жылы ҚР ҚК «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» және «Жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету» баптарымен сотталған. Аппеляциялық инстанция үкімді өзгеріссіз қалдырды. 
Алайда сотталушы хат жазып, өзінің кінәсіз екенін айтқан еді. Артынша оның туыстары істе қайшылықтар бар екенін көрсетіп, Тошпулатовтың кінәсіздігін дәлелдеуге тырысты. Нәтижесінде Бас прокуратура іс материалдарын тескеруге алдырды.

«Немолчиkz» жетекшісі Дина Смаилованың сөзінше, сол кездегі бас прокурор Қожамжаровтың наразылығы бойынша, Бехзодтың жазасы 2,5 жылға азайтылды. Ол 2017 жылдың 22 қыркүйегі мен 2019 жылдың 20 қыркүйегі аралығында 5 жылдың 2 жылын өтеген. Ендігі қалған 3 жыл мерзім бас бостандығын шектеу түріне өзгертілді.

stan.kz