Сұраныстағы топ мамандықтар

0

Бұл мақаланың мақсаты – сіздерге тек қана табысты мамандықтарды көрсетуде емес, онымен қоса сұранысқа ие мамандықтармен таныстыру.

Мамандық таңдау маңызды қадам екенін әр адам біледі. Ал өзіңнің жаның қалайтын мамандық табу – үлкен бақыт, онымен қатар сол мамандық тек ұнап қоймай, табысты болса — екі есе бақыт емес пе? Бүгінгі мақалада біз қазіргі уақыттағы ең жоғары табысты 10 мамандық туралы айтатын боламыз:

 1. Ең бірінші топ мамандықтардың бірін ашатын — IT саласы. Қазіргі кезде елімізде жоғары сұранысқа ие мамандардың бірі IT саласындағы мамандар болып саналады. Күнделікті өміріміз техникаға, цифрлық әлемге тәуелді болған қазіргі кезде осы саланы жақсы меңгерген мамандардың жалақысы өте жоғары болып есептелінеді. ҰБТ-да «Математика+Информатика» комбинациясын тапсырады.

 2. Дәрігер. Қай заманда болмасын, денсаулық сақтау саласы әрқашанда сұранымға ие, жоғары табысты мамандықтардың бірі болып қалады. Бұл салада мамандық түрлері өте көп, бірақ та ең табыстылары болып – хирург және тіс дәрігері болып саналынады. ҰБТ-да Медицина саласына “Биология+Химия” комбинациясын тапсырады.

 3. Ұшқыш. Бұл мамандық жүк немесе жолаушы әуе тасымалында және әскери қызметте жақсы дамыған. Командир қабылдаған шешімдерге ұшақтың, жүктің және жүздеген адамдардың өмірі тәуелді. Сондықтан да ұшқыш – жоғары жауапкершілікті қажет ететін, соған сай жоғары табысты мамандықтардың бірі. ҰБТ-да басты таңдайтын пән “Физика”

 4. Маркетолог. Қазіргі уақытта Қазақстанда 1 миллионнан астам шағын бизнес тіркелген. Әр бизнестің өз саласы, оған қарсыласы бар. Яғни әр бизнес сапалы жарнаманы қажет етеді және кәсібін алға жүргізіп отырған, мамандығын жақсы меңгерген маркетологқа жоғары жалақы төлеуге дайын.

 5. Мұнай саласы. Мұнай саласы өте көп бағыттардан, мамандықтардан тұрады. Бірақ олардың барлығын қосатын бір нәрсе – жоғары табыс. Жоғары техникалық білімі бар мамандарға мұнай-газ өндіруші компаниялар әрқашан да тұрақты да жоғары жалақы төлеуге дайын.

 6. Қаржы саласы. Әр кәсіпшілік, жеке бизнес немесе мемлекеттік органдарға қаржы айналымын есепке алып отыратын және жалақы есебін шығарып отыратын жұмысшы керек. Басқа да қаржыға қатысты мәселелерді, қағаздарды реттейтін өз ісін жақсы меңгерген қаржы маманы қазіргі кезде жұмысына сай жақсы жалақы алады.

 7. Инженер. Инженер — қазіргі инновациялық заманда, жаңа технологиялардың схемасын дайындап, техникалық бақылауға, өндірісті ұйымдастыруға және де салаға байланысты басқа да көп міндеттерді қамтамасыз ететін мамандық. Қазіргі кезде жоғары білімді инженер – жұмыс берушілер үшін алтынға тең десек те болады.

 8. Дизайнер. Дизайнер –дизайн саласындағы көптеген мамандықтардың жалпы атауы. Олар заттың, интерьердің немесе бағдарламаның сәндік тартымдылығына ғана емес, сонымен қатар олардың ыңғайлылығы мен функционалдығына да мән беретін, өнімнің көп бөліктеріне жауап беретін қызметкер. Қазіргі уақытта дизайн саласы өте дамыған және жақсы дизайнер үшін әрбір компания өте жоғары жалақы төлеуге дайын.

 9. Менеджмент. Менеджер — коммерциялық кәсіпорынның, ұйымның белгілі бір аймағындағы процестер мен персоналды басқарумен айналысатын маман. Менеджмент те өте көп мамандықтарға бөлінеді және оның әрқайсысы жауапкершілігіне сай жоғары табысты болып келеді.

10. HR менеджмент. Қазір жұмыс берушілердің көп кездесетін мәселелерінің бірі – жақсы қызметкер табу. Бұл мәселеде оларға HR менеджер, яғни қызметкерлерді жұмысқа алатын, дамытатын, ынталандыратын, жұмыстан шығаратын және де қызметкерге қатысты басқа да жұмыстармен айналысатын жұмысшы көмектеседі. Сондықтан да көп жағдайда компаниялар бұл қызметкерлерге жоғары жалақы төлеуге дайын.

 Мамандық таңдау – адам өміріндегі ұзақ қабылдану қажет, қателесуге болмайтын шешімдердің бірі. Мамандыққа сұраныс бар жерде – әрқашанда жоғары жалақы болады.

Айжан МАМЕШ