«Сүр етті кім жемейді, шіркін?»
Бизнеспен айналысу туралы ой Дәулетке өзінің өмірі ойламаған жерден өзгергенде ғана келді. Жүргізуші болып жұмыс істейтін ол мүгедек болып қалған соң, үйде қарап отыру ауыр тиетінін сезінді.
«Мен секілді П топтағы мүгедек жанға банктердің несие бере қоюы қиын. Ал «Бастау» бағдарламасының курсы маған кәсіпкерліктің әліппесін ғана үйретіп қойған жоқ, грант алуға да мүмкіндік берді. Менің жасаған жобамды 240500 теңгеге бағалады» дейді Дәулет.
Ол жабдықты Алматы қаласынан алып келді. Мал шаруашылығы ауданда дамыған. Сүрлейтін ет жақыннан табылады. Ол алдағы уақытта жабық циклды өндіріс ұйымдастырғысы келеді.
«Көктемде 50 қаздың балапанын сатып аламын. Сүрленген қаз еті — өте жеңсік ас. Ары қарай уақыт көрсетеді. Негізі, тек қаздың еті ғана емес, жал, жая, шошқа майы, барлығы да жақсы сүрленеді. Сүр еттің дәмді ас екенін халқымыз жақсы біледі. Сосын оны кім сүйсініп жемейді дейсіз, шіркін (жымияды)? Қолымыз жүргеннен кейін өнім түрлерін көбейтеміз» дейді Дәулет.
Болашақ кәсіпкер өнімін өткізудің де қиындығы бола қоймас деп біледі. Өйткені ауданда мұндай өнім түрін өндіретін балама цех әлі жоқ. Ең бастысы, Дәулет сүрлеуге ешқандай «химия» қолданбайтын болады, таза экологиялық өнім ұсынады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай
Дереккөз: http://egemen.kz/