Сұлтанбеков жауабы: Тасмағамбетовтің LRT ісіне қатысы бар ма?
Астана ЛРТ ісі бойынша айыпталған, қазір Нью-Йоркте тұратын Қанат Сұлтанбеков LRT ісіне қатысы болуы мүмкін азаматтар жайлы айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты Nege.kz сайтына сілтеме жасап.
– BRT жобасын LRT-ға кім өзгерткенін, осы жемқорлық іске кімнің қатысы болуы мүмкін екенін айтып, Мәсімовке бірнеше мәрте ақпарат жолдағанмын. Мен қызмет атқарған кезде жүзеге асырылып жатқан BRT жобасының кейін тоқтап қалған LRT жобасынан үлкен айырмашылығы бар. BRT жобасын тоқтатып, эстакададағы LRT құрылысын салу – Ә.Жақсыбековтың тікелей бастамасы, ал осы жобаны жүзеге асырушы – оның орынбасары Нұрәлі Әлиев.
Бұл құрылыстың тоқтап қалу себебі – 2016 жылдың желтоқсан айында Қытайдан қарызға алынған 257 миллион доллардың «Астана Банкіне» заңсыз аударылып, сол жақтан із-түзсіз жоғалып кетуі. Бұл несиелік заемды алуға К.Мәсімов премьер-министр болып тұрған кезде Қытайда қол қойған. Мүмкін осы ақшаға қатысты тергеудің жүргізілмеген себебі де осында шығар? Мен ұсынған материалдарды қарастырмай, жылы жауып қойды да, істі қозғауға жол бермеуде.
Бірақ, бұл іске И.Тасмағамбетовтің де қатысы бар. Сол себепті де мен қаңтар айындағы қайғылы оқиғаларға дейін Тұңғыш Президентке және қазіргі Президентке, Бас прокуратураға өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеуге тырысып, негізгі кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту керек екенін жазып жібердім — деді Қанат Сұлтанбеков.