Сүлейменов доллардың неге қымбаттап жатқанын түсіндірді
Фото: ашық дереккөзден
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов елімізде доллардың неге қымбаттап жатқанын түсіндірді.
«Біріншіден, АҚШ-тың жүргізіп отырған саясаты америкалық юрисдикция мен құнды қағаздардың инвестициялық тартымдылығының күшеюіне ықпалын тигізеді. Бұл тиісінше, доллар мен төлем балансына әсер етеді. Аталған жағдай долларға ықпалын тигізетіндіктен, ол өседі, ал қалғаны (валюталар – автор) құлдырайды», — деді министр Үкімет отырысынан соң журналистерге.
Сонымен қатар Сүлейменов мұнай бағасының тұрақтамауы да аталған жағдайға әсер еткенін ашық айтты.
«Екіншіден, мұнай бағасының тұрақтамай тұрғанына байланысты. «Қара алтын» құны бірде жоғарылап, бірде төмендеп тұр. Тиісінше, бұл теңге бағамына әсер етпей қоймайды», — деді ол.
Осы орайда БАҚ өкілдері министрден «доллар 400 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін бе» деп сұрақ қойды.
«Дұрысы, бұл сұрақты Ұлттық банкке қою қажет. Бізде келесі жылы әлеуметтік-экономикалық даму болжамы 370 теңге деңгейінде енгізілген», — деп түйіндеді сөзін Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан қор биржасындағы 1 доллардың орташа бағамы 380 теңге. Ал ақша айырбастау орындарында доллардың құны 383 теңге төңірегінде саудалануда.
Осыған дейін Үкімет басшысының облыс әкімдерінің жұмысын сынға алғанын, әрі әкімдердің өңірлерде еңбек өнімділігін арттыра алмай отырғанын, алдағы жылы коммуналдық тарифтердің төмендейтінін, теңгенің неге құнсызданып жатқанын хабарлағанбыз.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ