Сүлейманиді ақтық сапарға шығарып салу кезінде 32 адам қаза тапты
7 қаңтар күні Иранның Керман қаласында генерал Касем Сүлейманимен қоштасу рәсімі кезінде адамның көптігінен аяққа тапталып немесе қысылып 32 адам қаза тапқан. Тағы 190 кісі жараланған. Бұл туралы жергілікті телеарналарға сілтеп AP ақпарат агенттігі хабарлады.
Генералды ақтық сапарға шығарып салуға өте көп адам келді. Мыңдаған тұрғын Керман орталығына жиналып, Касем Сүлейманиді аза тұтты. Қаралы күнге байланысты қалада 7 қаңтар жұмыс тоқтаған.
Керман — Иранның оңтүстік шығысындағы қала. Қаза тапқан генералдың туған жері.
Бұған дейін генаралмен қоштасу рәсімі Тегеран қаласында да болған. Жүз мыңдаған адам жиналған шарада Сүлейманиге Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи құран оқыған. Жаназадан соң жиналғандар «Америкаға өлім» деп айқайлаған.
Оқи отырыңыз: Касем Сүлеймани кім еді?
Иран генералы Касем Сүлеймани Ирак астанасы Бағдат қаласында қаза тапты. Ол мінген көлікті АҚШ әуе күштері дронмен атқылаған. Генералды өлтіру туралы бұйрықты президент Дональд Трамп берген. Вашингтон Сүлейманиді «бірінші террорист» және «жүздеген АҚШ сарбазының өліміне сол жауапты» дейді.
Оқи отырыңыз: Таяу Шығыстағы жағдай ушығып барады
Генерал Сүлеймани елдегі ислам революциясы корпусының «Құдс» арнайы жасағын басқарған және Иранның шет елдердегі әскери операцияларына жетекшілік еткен.
7 қаңтар күні Иран парламенті АҚШ әскері мен Пентагонды «террор ұйым» деп атады және шешім бірауыздан мақұлдады.