Сулеймани өлімінен кейінгі АҚШ пен Иран текетіресі: кім мықты
2020 жылдың басында Америка мен Иран тарапынан әскери шиеленістің күшеюі АҚШ пен НАТО-ның технологиясы жоғары дамыған қарсыласпен соғысуға дайын еместігін көрсетті
Үшінші қаңтарда түнде Иран генералы Касем Сулейманидің Ирак аумағындағы өлімі америкалықтардың аймақтағы әскери-саяси ықпалына залалын тигізді. Иранның жауап ретіндегі реакциясы АҚШ-тың Таяу Шығыстағы қарсыластарын жұмылдырып, НАТО бойынша еуропалық одақтастардың рухын түсірді. Колумнист Александр Хроленко материалында екі ел арасындағы текетіреске шолу жасалған.
Иранның Ирактағы екі америкалық әскери базаға зымыран соққысын жасауы өзін-өзі қорғау немесе қалай да болса басқыншыдан кек алу актісі ғана болған жоқ. Ислам революциясы сақшылар корпусының әскері салқынқанды кәсібилік пен дәлдігі жоғары қарудың тиімділігін көрсетті. Американың әуе шабуылына қарсы құралдары, ең біріншіден Patriot зениттік-зымыран кешені Иранда жасалған зымырандарға қарсы тұра алмады. Бұл Пентагон үшін жағымсыз жаңалық болды деп ойлаймын. Себебі олар Тегераннан «әскери жауап» күтті, зымырандардың ұшқанын бақылай алды, бірақ сонда да соққыға тойтарыс бере алмады.
Қақтығыс тараптары мен оларға адал сарапшылар Ирак аумағындағы «Айн аль-Асад» және «Эрбиль» америкалық базаларға Иранның зымыран соққыларының салдарын әртүрлі бағалайды. Тегеран АҚШ-тың бірнеше әскери ұшағы мен кемінде 80 әскери қызметкері жойылғаны туралы мәлімдеді.
Президент Дональд Трамп Twitter-де жағдайға түсініктеме берді: «Бәрі жақсы!.. Бізде әлемдегі ең мықты және бәрінен жақсы жабдықталған әскери күштер».
Ал спутниктен түсірілген суреттер Иран зымырандарының «Айн аль-Асад» ірі америкалық әскери базаның сегіз нысанын жойғанын дәлелдеп отыр. Бұл Иранның зымыран ұшырылған жерден, яғни өз аумағынан 300 километрге жуық қашықтықта да нысанаға дәл тигізе алатынын көрсетеді.
Әскери қолданыс
Ислам революциясының сақшылар корпусы АҚШ-тың екі әскери базасына 35 соққы жасалды деп мәлімдеді. Бұнымен қоса, корпус ескерту жасады. Олар: «Аумағында Америка Құрама Штаттарының базалары орналасқан террорист мемлекетке одақтас барлық ел, Иран Ислам Республикасына қарсы кез келген формадағы қастық, басқыншылық әрекеттер жасау үшін базаға айналатын барлық территория біздің нысанаға айналады» деді.
Tasnim ирандық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ирандық әскерилер шабуыл үшін Fateh — Fateh-313 тобындағы ең жаңа баллистикалық зымырандарды пайдаланған. Сондай-ақ, радарлар үшін кедергі келтіретін жүйемен жабдықталған Qiam зымырандарын қолданған.
Ирак әскерінің баспасөз қызметі Ирак аумағына 22 зымыранның ұшырылғанын мәлімдеді. Олардың 17-сі «Айн аль-Асад» әскери базасына атылды, екеуі жарылмай қалған. Ал бес зымыран Эрбиль аумағына құлады. Ирак әскерилері барлық зымыран одақ күштерінің нысандарына түскенін нақтылады. Ирактың әскери қызметкерлері зардап шеккен жоқ.
Батыстағы мамандар мен Вашингтондағы ресми дереккөздер Qiam-1 және Zulfiqar топтарындағы 15 баллистикалық зымыранды есептеген. Олардың оны «Айн аль-Асад» базасындағы нысаналарға тисе, біреуі » Эрбиль» базасындағы нысанға дөп тиген. Ал төрт зымыран нысанаға тимеген. Орташа цифрлар осындай болуы тиіс.
Иранның Qiam-1 және Zulfiqar зымырандары аса қуатты деуге де болмайды. Олар 700 және 800 километр қашықтықтағы нысананы ата алады. Егер Иран шынымен де осы баллистикалық зымырандарды пайдаланса, онда америкалық Patriot зениттік-зымыран кешендері қайда болды? Олар неге Qiam-1 мен Zulfiqar зымырандарын базаларға ұшып бара жатқанда тоқтатпады? Бұл дегеніміз, осалдық.
NPR америкалық басылымы спутник суреттері бойынша Ислам революциясы сақшылар корпусы әскери жұмысының нәтижелерін зерттеп, жағымсыз қорытындыға келді. «Атылған нысандардың кейбірі зымырандар дәл ортасына тигендей көрінеді… Иранның зымыран соққысы Ирактағы «Айн-Аль-Асад» әуе базасына біршама шығын әкелді», — дейді басылым. Жоғары дәлдік Иран тек баллистикалық емес, қанатты зымырандарды да пайдаланды деп болжауға мүмкіндік береді.
Мықты ел әрекетке кірісті
Пентагон стартегтеріне Иран Ислам Республикасы Global Firepower әскери қуаттың әлемдік рейтингінде 14-ші орында екені мәлім болар. Бұл ел рейтингте Пәкістан, Израиль, Солтүстік Корея, Австралия, Испания мен Канададан жоғары тұр. Мемлекет халқының саны 83 миллион адамнан асады. Бұл дегеніміз, әскерге шақырылатын мол ресурс. Салыстырмалы түрде айтсақ, көрші Ирактың 38 миллион халқы бар.
Америкалықтардың Таяу Шығыстағы мұнай өндіруші елдерін өз ырқына көндіргісі келетіні түсінікті. Дегенмен шынайы жағдаймен байланысты үзбеу керек. Иранның жарты миллион қарулы күші бар. Бұл елде зымыран қондырғы саны (1 900 дана) америкалықтардікінен біршама көп. Иран басқа да әскери қару-жарақ түрі мен саны бойынша алда келе жатыр.
Пентагон генерал Касем Сулейманиге шабуыл АҚШ президенті Дональд Трамп санкциясымен «шетелдегі АҚШ персоналын қорғау үшін» жасалғанын мәлімдеді. Сонда америкалықтар Иран саясатындағы үшінші адамды өлтіруге бұйрық беріп, қандай реакция күткенін түсіну қиын. Бәлкім, олар Тегеран АҚШ әскерін лаңкестік ұйым деп ресми түрде жариялайды деп ойламаған шығар.
Америка одақтасы – НАТО «Аль-Кудс» ирандық арнайы бөлім қолбасшысы, генерал Касем Сулейманидің өлімін АҚШ-тың дербес шешімі деді.
Иран соққысына дейін әскерилер Ирактағы америкалық базаларды тастап, жан-жаққа кетті. Бұған дейін Иран президенті Хасан Роухани Ирак парламенті АҚШ-ты елден және аймақтан қууға жол ашқанын мәлімдеген болатын.
Иран Ирактағы америкалық базаларға жасалған соққыны АҚШ-қа тартылған шапалақ деп атады. Не де болса, Америка Құрама Штаттары беделді ирандық қолбасшы, ұлттық қаһарманды өлтіруден өзі үшін аса жағымсыз сабақ алды.
sputniknews.kz