сүйіктісін досымен жабылып зорлаған жігітке үкім шықты
Қысқа сілтеме алу
Қызды жабылып зорлағандардың бірі 10 жылға сотталған болатын. Ол жазасын өтеп жатыр, екіншісіне қатысты бүгін сот үкім шығарды
НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Бүгін елорданың қылмыстық істер бойынша маманадырылған ауданаралық соты Саина Раисованың ісі бойынша тағы бір күдіктіге қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айта кетейік, қылмыстық іс 2017 жылдан бері қаралып жатыр. Күдікті Шоқан Әбілқасымов Саина Раисованың жігіті болған. Бір күні ол оны пәтерге алып барып, сол жерде жолдасымен бірге зорлаған. Қаскөйлерден қашқан Саина үшінші қабаттан секіріп кетіп, қатты жарақат алады. Бірақ аман қалды. Осыған байланысты қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша іс қозғалған болатын.
©
Sputnik / Арман Асқар
Сотталушы Шоқан Әбілқасымов
Өткен жылдың басында Әбілқасымовтың сыбайласы – Мұрат Ыдырысовқа қатысты сот өтті. Сол кезде Саина Раисоваға қысым жасалды, желіде сол күнгі видео да тарап кетті. Тіпті оған екі рет шабуы жасалды. Дегенмен, Мұрат Ыдырысов 10 жылға сотталды. Ал Шоқан Әбілқасымов қашып, бір жарым жыл бойы Қырғызстанда бой тасалап жүрді. 2019 жылы 6 наурызда ол құқық қорғаушылардың құрығына түсті. Бүгін Әбілқасымовқа қатысты сот үкімі шықты.
Судья Айжан Шаяхметованың айтуынша, күдікті қылмыстық кодекстің 120 және 121-бабы бойынша жауапқа тартылып отыр. Екеуін бірге қосқанда 20 жылдан артық шығады. Бірақ күдіктінің асырауында кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы бар. Оған қоса, адам зорлау бойынша ары кетсе, 15 жылға дейін ғана бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Сот шешіміне сәйкес, Әбілқасымов Шоқан Қаршығаұлы кінәлі деп танылып, 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылсын. Әбілқасымов өз жазасын қауіпсіздік деңгейі аса жоғары мекемеде өтейтін болады. Ол сот шығындарын өтеп беруі тиіс. Бұдан бөлек, жәбірленушіге 1 миллион 500 мың теңге көлемінде моральдық шығынды төлеуге міндетті», — деді Шаяхметова.
Отырыс кезінде сотталған Әбілқасымов сөз алып, Саина Раисованы зорламағанын мәлімдеді.
«Мен оны зорлаған жоқпын. Менен ақша пен пәтер бопсалады. Осыны бәрі білсін, менің балаларым да білуі керек. Ол терезеден секіріп кеткеннен кейін де менен көмек алды. Некені тіркеу үшін АХАЖ бөліміне де барғанбыз. Қарым-қатынасымызды заңды түрде тіркеуді талап еткен», — деген Әбілқасымов жылап жіберді. Оның адвокаты аппеляциялық шағым түсіретінін мәлімеді.
Ал журналистерге сұхбат берген Саина Раисова АХАЖ бөліміне барғаны туралы сұраққа жауап беруден бас тартты. Одан кейін бұның бәрі өтірік деп мәлімдеді.
«Иә, біз жүрдік. Бірге тұрамыз деген жоспар да болды. 8 айдай бірге тұрдық. Мені зорлап тастағаннан кейін екі жаққа кеттік. Ал осы оқиғадан кейін бірге тұрдық па, тұрмадық па, ол сұраққа жауап бермеймін. Оның айтқаны өтірік. Мен онымен АХАЖ-ға барған жоқпын. Сот үкімімен жартылай келісемін. Дегенмен, тағы шағым түсіремін. 15 жылды талап етемін», — дейді Раисова.
Оның айтуынша, бұған дейін сотталған Мұрат Ыдырысов моральдық шығынды әлі төлеген жоқ. Оның көлемі – 1,2 миллион теңге.
«Соңғы екі жыл мен жұмыс істеген жоқпын. Еріктілер көмектеседі, қарапайым халық көмек беріп тұрады. Менде бәрі жақсы», — деп атап көрсетті Раисова.
sputniknews.kz