«Суицидник» ойнаған — Астанада баланы балконнан лақтырып жібермек болған ұлдардың ата-аналары жазаланды

0

Балалар «Суицидник» деген қауіпті ойынды ойнаған

Астана соты кішкентай баланы биік үйдің балконынан лақтырып жібермек болған ұлдардың ата-аналарына 36 920 теңгеден айыппұл салды, деп хабарлайды Kznews.kz 

Соттың мәліметіне сәйкес, Астана қаласындағы бір тұрғын үй кешенінде тұратын кәмелетке толмаған бес ұл 7 жасар баланы үшінші қабатқа апарып, баспалдақтың жанында ұстап тұрған.

«Сот кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарын балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны, балаларын тұрмыста, қоғамдық орындарда айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мінез-құлық ережелеріне үйретпегені үшін кінәлі деп танып, оларға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындады»,- делінген хабарламада.

Сот кезінде төрт ата-ана өз кінәсін мойындап, біреуі мойындамаған. Қаулылар заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, таяуда Астанада бір топ ұл бала ойнап жүрген кішкентай баланы жоғары қабаттан лақтырып жібермек болған. Олар өздерінің қорқынышты әрекетін бастан-аяқ видеоға түсіріп алған.