«Суицидке мәжбүрледі»: Астанада мектеп терезесінен секіріп кеткен оқушының анасы өз шындығын айтты
Астанада терезеден секіріп кеткен сегізінші сынып оқушысына қатысты полиция қылмыстық істі тергеп жатыр. Баланың анасы ұлының төртінші қабаттан секіріп кетуіне сыныптастары себеп болған дейді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сегізінші сынып оқушысы сабақ үстінде мұғалім мен сыныптастарының көз алдында терезеден секіріп кеткен. Дәрігерлер баланың қазіргі жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр.
Мектеп директорының айтуынша, оқушы ағылшын тілі сабағында кенет терезені ашып, төртінші қабаттан секіріп кеткен.
“Жағдай бір-ақ сәтте болған. Балалар тапсырма орындап жатқан, ал мұғалім тапсырма беріп, оқулыққа қарап отырғандықтан оқыс оқиғаның алдын ала алмады. Қалай болғанын ешкім көрмеген. Бұлай болады деп ешкім күтпеді. Себебі ол бала сабырлы, салмақты болатын. Сабақ кезінде де тәртіпті, тапсырмасын орындап отыра беретін. Сол себепті бұлай істеуіне нақты не себеп болғанын айта алмаймыз”, – дейді №72 мектеп-лицейінің директоры Айман Дюсенова.
Бірақ баланың жақындары болған жағдайға қатысты өз болжамын айтты. Анасының айтуынша, ұлын терезеден секіруге әлдекімдер мәжбүрлеген.
“Бір қыз бен ұл өзінен ақша бопсалағанын айтты. Ал өзінің үш сыныптасы оны дәретханада ұрып-соққан. Олар баламды сабақ біткен соң өлтіріп кетеміз немесе полицияға тапсырамыз деп қорқытқан. Ол ашуланып кеткен. Ағылшын тілі сабағы басталғанда терезеге қарап отырып, сабақ біткен соң терезеден секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған. Сөйтіп секіріп кеткен”, – дейді оқушының анасы Ләззат Рахмаш.
Баланың әпкесі де тар сыныпта ешкімге білдірмей терезеден секіріп кету мүмкін емес екенін айтты.
“Біз сыныпты көрді, ол өте кішкентай. Іште әр қимыл-қозғалыс сезіледі. Оны байқамау мүмкін емес. Терезе оның бойынан әлдеқайда жоғары орналасқан. Сол себепті оның бір-ақ сәтте терезеден секіріп кетуі мүмкін емес. Баланы суицид жасауға мәжібүрледі деп ойлаймыз”, – дейді әпкесі Жұпаргүл Қуаныш.
Мектеп директоры лицейде мұндай төтенше жағдайдың бұрын-соңды болмағанын айтты. Қазір полиция мектепте қорқыту, үркіту әрекеттері болды ма, жоқ па, соны анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.
“Істі сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркедік. Оны тергеу нәтижесінен кейін ғана қорытынды жасай аламыз. Қазір оқиғаға не себеп болғаны туралы нақты айта алмаймыз. Ол үшін қажетті зерттеулер мен сараптамалар ағайындау керек”, – дейді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Қазір оқушы ауруханада жатыр. Оған шұғыл түрде ота жасалды. Дәрігерлер науқастың жағдайын тұрақты ауыр деп бағалап отыр.
“Өте ауыр жағдайда түсті. Жарақаттары көп, кеуде қуысы мен өкпе жарақаты, миы шайқалған, аяқ-қолдары сынған. Отаның екінші кезеңі бар. Бірақ ол үшін науқастың жағдайының тұртақталуын күтеміз”, – №2 қалалық көпсалалы балалар ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Арслан Дүйсенбаев.
Травматологтың айтуынша, бала ұзақ уақыт емделеді. Ең аз дегенде ауруханада 10-14 күн жатады. Бұдан кейін ол ұзақ уақыт қалпына келеді. Сондай-ақ міндетті түрде физиотерапияға барып, психологпен жұмыс істеуі керек. Кемінде бес апта төсекте жату қажет.